Грекия - Қазақстан матчына дайындық
Қорғанысқа жатып алмаймыз. Бұндай тактика қазір өзектілігін жойды.
Жігіттер жоспарды жақсы біледі. Жауапкершілікті де толық түсінеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Магомид Адиев Грекия мен Қазақстан матчының алдында осындай мәлімдеме жасады. Айта кетейік, қос елдің құрамалары бүгін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында кездеседі. Айтулы матч Афина қаласында өтеді. Осыған байланысты қазақстандық команда Дубай қаласында бірнеше апта бойы жаттығу жиынын ұйымдастырды. Ал, күні кеше Грекия астанасына жетіп, соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Бас бапкерді алаңдататын бір мәселе бар. Ол - орталық қорғаныс шебі. Яғни, Нұралы Әліп ескертуіне байланысты алаңға шыға алмайды. Оның орнына Бақтиер Зайнутдиновты қоюуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да жігіттер жасыл алаңда барын салып, жеңіске жетуге тырысады деді Адиев. Бұған қоса, ол ораза ұстаған ойыншыларға қатысты жаттығы процесін өзгерткенін де айтып өтті.
Цитата: Магомед Адиев, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Дубай қаласындағы жаттығу жиынында әзірлік бағдарламасына өзгеріс енгіздік. Ораза ұстаған ойыншылардың режимі ескерілді. Жігіттердің физикалық және психологиялық бабы жақсы. Жауапкершілікті толық түсінеді. Бақтияр Зайнутдинов пен Абат Айымбетов құрамаға бірер күн бұрын ғана қосылды. Десе де, олармен жеке-жеке сөйлесіп, алдағы мақсатты айқындап бердім.
Қазақстан соңғы жылдары жақсы өнер көрсетіп жүр. Ойын барысында еш босаңсымайды және мүлт кеткен тұсты ұтымды пайдаланады. Бұл жөнінде Грекия құрамасының бас бапкері Густаво Пойет мәлімдеді. Уругвайлық маман матч алдағы баспасөз мәслихатында жергілікті жігітердің жеңіске деген құлшынысы жоғары екенін айтты. Алаң иелері де алдағы кездесуге қызу дайындалып жатыр. Кәрі Құрлықтың түкпір-түкпірінде доп тебетін ойыншыларын арнайы алдыртты. Қазақстан құрамасына қарсы ойынға өзіндік жоспар құрғандығын және жігіттер оны бұлжытпай орындау керектігін қадап айтты Густаво Пойет.
Густаво Пойет, Грекия құрамасының бас бапкері:
- Қазақстан құрамасы 90 минут бойы сергек ойнайды. Осы тұсын ерекше атап өткім келеді. Нәтижесінде, соңғы жылдары біраз жетістікке жетті. Біздің де бабымыз жақсы. Бүгінгі ойында барымызды салып, жеңіске жетуге тырысамыз. Ойын барысындағы әртүрлі жағдайға арнайы дайындық жүргіздік. Қателесуге болмайды.
Қазақстан мен Грекия құрамалары кездесетін "Айя-София” стадионында ине шаншыр орын болмайды. Өйткені, күні кеше 18 мыңнан аса билет сатылғаны туралы ақпарат шықты. Тіпті, қазақстандық жанкүйерлер үшін қосымша сектор да қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, матчқа төрелік ететін маманның да есімі белгілі болды. Ол - нидерландтық Данни Маккели. Маккели Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы, бұған қоса Әлем чемпионаты және Еуропа чемпионатында жұмыс істеген тәжірибелі төреші. Көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген ойын Астана уақытымен түнгі 00:45-те басталады. Оған паралель Грузия мен Люксембург командалары өзара мықтыны анықтайды. Аталған 4 құраманың біреуі ғана 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алады.
Баскетболдан Қазақстан чемпионаты
Ел үздіктері анықталып жатыр. Түркістан қаласында баскетболдан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Қыздар арасындағы бәсекеге еліміздің бірнеше өңірінен 20 команда жиналды. Яғни, бас-аяғы 200-ден аса қатысушы бар. Күні кеше 14 жасқа дейінгі баскетболшылар сайысы өтіп, Астана мен Атырау командалары жолықты. Ойын өте тартысты болды және соңғы минуттарда дәлдік танытқан елордалықтар 34:30 есебімен жеңіске жетті. Ал қостанайлық команда алаң иелерінен айласын асырды. Есеп 45:20. Сонымен қатар, шымкенттік қыздар Маңғыстау баскетболшыларын 36:14 нәтижесімен ұтты. Ал Батыс Қазақстандықтар Сайрам командасын жеңді.
Иван Гайна, баскетболдан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
- Осы жарысқа келген командалардың осалы жоқ. Сондықтан Түркістанда қай команданың топ жаратынын дәл қазір дөп басып айту қиын. Бүгін үш команданың ойын өрнегі қатты ұнады. Өткен маусыммен салыстырғанда бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан финалдық кезең өте қызықты болғалы тұр.
Ауыл спорты жанданып келеді
Ұлыстың ұлы күніне орай Түркістанда волейболдан жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілік басталды. Жарысқа Сауран ауданындағы ауылдардан сайдың тасындай іріктелген 10 команда жиналды. Алдымен «Ынтымақ» командасы «Түркістаннан» басым түссе, «Шорнақ-1 волейболшылары» «Ашанды" ұтты. Ал «Төбеліктер» Шорнақтың екінші командасын жеңді. Алғашқы айналымды «Қарашық» пен «Теке» командалары түйіндеді. Тартысты өткен ойында «Қарашықтың» асығы алшысынан түсіп, финалдық кезеңге жолдама алды. Іріктеуден іркілмей өткен командалар енді жүлделі орындарды өзара сарапқа салады. Мамандар мұндай жарыстар ауыл спортын дамытып, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдауға сеп болатынын айтады.
Бақытжан Тәжіхан, Сауран аудандық спорт мектебі директорының орынбасары:
- Осы 10 команданың ішінен жақсы нәтиже көрсетіп жатқан балалардан бір команда құрып, облыстық жарыстарға жібереміз. Балалар спорт мектебі болғандықтан біз мүмкіндігінше облыстық жарыстарға барамыз. Барынша осы балаларды қолдаймыз. Ауылды жерде біздің жаттықтырушыларымыз спорттың 9 түрінен жұмыс істеп жатыр.