Ұлы дала жорығы: жүйріктер 500 шақырымға шабады
Биыл Ұлы дала жорығы марафоны Петропавл қаласынан басталып, Астанаға дейін келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Былтыр шабандоздар екі рет ат ауыстырып, 1300 шақырымға шапса, биылғы меже 500 шақырым және ат ауыстырмайды.
Жүйрік пен жігіттің намысы сынға түсетін додаға ат жаратып жатқандар көп. Солардың қатарында абайлық атсейістер де бар. Тұлпарды таң асыратын күн таяп келеді, – дейді олар.
Семейлік атбегі Айдос Асылжанұлы Ұлы дала жорығы басталғалы бері облыстан құрама жасақтап, ұзақ шақырымдық бәйгеге ат қосып келеді. Былтырғы жылы 1300 шақырымдық жорықта сөреден 20 өңірдің командасы шығып, мәреге тек 4 облыстың жігіттері жеткен. Солардың бірі – осы Айдос баптап алып келген Абай облысының командасы. Екі жыл қатарынан 1000-нан аса шақырымды еңсерген бапкер: «биылғы 500 шақырым оңай болады», – дейді.
Айдос Асылжанұлы, Абай облысы командасының жетекшісі:
- Жобаның басталғанына екі жыл болды. Біз қатарынан екі жыл қатыстық. Абай облысының атынан. Енді биыл іріктеу басталады. Іріктеуіміз былтыр 1300 шақырымға жүрсек, биыл 500 шақырымға жүреміз. Бұл енді 2 жыл тәжірибе алдық. 1300-ге қарағанда 500 шақырым бізге оңайырақ болып тұр. Аттарымыздың дайындығын бастап кеттік. Қиыншылықтары бар ғой енді әр нәрсенің, бірақ төзу керек.
Марафон Петропавл орталығындағы Абылайдың ақ үйі резиденциясынан 12 мамырда бастау алып, 5 күнде Астана қаласына жетеді деп жоспарланған. Жеңімпаздар қатарына енген 3 команда қыркүйек айында өтетін Ұлы дала жорығы халықаралық турына берілетін лицензияны алады. Атбегі Айдос Асылжанұлы өзінің жігіттерімен іріктеуден іркілмей өтіп, күзге салым байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға ден қойып отыр.
Бақытжан Тұрлыбеков, «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының президенті:
- Республикалық іріктеуге 20 команда қатысады әр өңірден. Бұл жерде республикалық іріктеуден өткен 3 команда ертең күзде, 2-7 қыркүйек аралығында болатын халықаралық марафон бәйгесіне жолдама алатын болады. Халықаралық марафонға 15 мемлекеттен қатысады деп жоспарланып отыр. Біз елшілердің бәрімен сөйлестік, Қазақстанның сол елдегі елшілермен жұмысты бастап кеттік.
Бір қызығы, бұл жорыққа ауысып мінетін ерулі аттар бірге жүреді. Сондай-ақ аттардың жасы 6 жастан кем болмауы керек. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл – аттардың шектен тыс қажымауы, зорықпауы үшін қолданылатын талап. Алтай мен Атырауды тоғыстыратын бұндай бәйгелер ертеректе де болған, – дейді.
Ержан Жаубай, Argymaq.kz сайтының бас редакторы:
- Тіпті кешегі Кеңес үкіметі кезіңде біз әйгілі Абсентты сыйға берген Арабтың өзі алыс қашықтық марафонда келген жылқы болатын. Ашхабадтан Мәскеуге дейін аралықта атпен жүріп өткен кезде 7-8 ғана жылқы барған. Соның бірі Араб болатын.
Иә, қазіргің таңда Ұлы дала жорығы – әлемде жоқ республикалық марафон бәйге. 2 жыл бұрын басталған бұл жобаның ауқымы кеңейіп, ел ішінде кеңінен қолдау тауып келеді. Келер ұрпаққа қасиетті ат ұстау мен бәйге өнерін жеткізу – аса жауапты борыш. Бүгінгі дайындық – осы жолда атқарылып жатқан нақты істің бірі. Өйткені ол – қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлттық болмысымызды сақтаудың бір жолы.
Авторлары: Әлішер Әли, Ырыстанбек Оспанов.