Артаев атындағы айқас аяқталды

Артаев атындағы айқас аяқталды

14 салмақтағы үздіктер анықталды. Астанада олимпиада чемпионы әрі Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир аяқталды.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы бәсекеге 4 елден 300-ге жуық қатысушы жиналған болатын. Олар елорда төрінде 5 күн бойы жұдырықтасып, өзара мықтыны анықтады.

Халықаралық турнирдің ең алғашқы алтын жүлдесі қазақстандық Дамир Әкімбаевқа бұйырды. 52 келіге дейінгілер арасында өнер көрсететін жамбылдық өрен финалда өзбекстандық Бобом Боймирзаевпен жолыққан еді. Бірінші раундта қарсыласы басым болды. Ал екінші және үшінші раундта Дамир белсендірек болып, жеңісті жұлып алды.

Дәл осылай 14 салмақта жеңімпаздар анықталып, олимпиада чемпионының қолынан жүлде алды. Бұған қоса, жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларға ақшалай сыйақы қарастырылған.

Әсіресе көпшілік 70 келідегі айқасты асыға күтті. Өйткені Бақтияр Араев олимпиадада дәл осы салмақта топ жарған болатын. Сәйкесінше, жарыс демеушілері осы жекпе-жектің жеңімпазына арнайы қомақты сыйақы тағайындады. Нәтижесінде аталған жүлде шығысқазақстандық Нұрасыл Қарымбекке бұйырды.

Сонымен қатар 44 келідегі Ерасыл Маратовқа ең үздік техника үшін деген сыйлық табысталды. Ал жеңіске деген ерекше жігері үшін сыйлығы 80 келідегі Сейтхамит Санжарға берілді.

Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған жарыс алғаш ұйымдастырылып тұр. Алдағы уақытта оны тұрақты өткізіп, ауқымы мен форматын ұлғайту жоспарда бар.