Олимпиадаға бірде-бір жолдама жоқ

Олимпиадаға бірде-бір жолдама жоқ. Ауыр атлеттеріміз биыл қиын жағдайға тап болды.

Бітпейтін допинг дауларының салдарынан Париждегі жазғы ойындарға мүлде қатыса алмайды. Дәл қазір Тайландта әлем кубогы өтіп жатыр.

Бір ғана спортшымызда мүмкіндік болған. Бірақ Сергей Петровичтің өзі жолдамаға қол жеткізе алмады.

Могамед Адиев қызметінен кетпейді

Футболдан ұлттық құрамамыздың соңғы сәтсіздіктерінен кейін бас бапкердің жұмысы қатаң сынға алынып, тіпті, көпшілік одан орнын босатуды талап еткен еді.

Бірақ ресейлік маман мен Қазақстан футбол федерациясы арасындағы келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін жасалған. Яғни, оны мерзімінен бұрын бұзатын болса, біздің тарап яғни, қазақстандық ұйым жаттықтырушыға айыппұл төлейді.

Бұл жөнінде танымал спорт комментаторы Уалихан Қосанбай мәлімдеді.

Могамед Адиев Қазақстан құрамасында бұрын-соңды болмаған нәтижелерді тіркеді. Бірақ дәл қазір командадан кетуі керек сияқты. Әрине, ол мықты мотиватор. Соның арқасында футболшыларымыз арқаланып тұрып ойнады. Алайда, тактикаға келгенде осалдау. Оған соңғы екі ойын дәлел - дейді Уәлихан.

Айта кетейік, УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде қазақстандық жігіттер алдымен Грекияға, олан кейін Люксюмбургке ұтырып, Еуропа чемпионатына шығатын тарихи мүмкіндіктен айырылып қалды.

Азия чемпионатына дайындық

Елдос Сметов Азия чемпионатына қатысады. Қазір қазақстандық дзюдо жанкүйерлерінің пікірі екіге жарылды.

Олар Париж олимпиадасында 60 келіде ел намысын кімнің қорғайтынын анықтай алмай әлек. Дәл осы сұрақ бірнеше айдан бері қызу талқыланып жатыр. Өйткені, құрамада аса тәжірибелі Елдос Сметов бар. Бұған қоса, жас та жігерлі Нұрқанат Серікбаев шығып келеді.

Нұрқанат қазір олимпиадалық рейтингте алдыңғы 15 спортшының қатарында. Соңғы әлемдік гранд-слэмде топ жарды.

Ал Елдос жарақатына байланысты ұзақ үзілістен кейін татамиге оралып отыр. Десе де бабын жоғалта қоймаған.

Енді отандық мамандар Гонконгта өтетін Азия біріншілігіне екеуін де жіберуді жөн көрген. Байрақты бәсеке 20-22 сәуір аралығында болады. Оған 16 спортшымыз қатысады.

60 келіде екі бірдей жерлестеріміз өнер көрсететін айттық. Басқа салмақтарда Ғұсман Қырғызбаев, Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар, Нұрлыхан Шархан және Ерасыл Қажыбаев сияқты ұлттық құрама үздіктері бақ сынайды.

Ал әйелдер арасындағы жарысқа Абиба Абужақынова бастаған 5 салмақтың өкілдері қатысады.

Азия чемпионатының жүлдегерлеріне рейтингтік ұпай беріледі. Сәйкесінше, Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынғанда дәл осы көрсеткіш негізгі рөлді атқарады.

Әлем мықтылары Астанаға ағылады

Артынша Астанада да әлемдік аламан өтеді. Дзюдодан Париж олимпиадасына қажетті рейтингтік ұпайлар тарататын соңғы гранд-слэм мамыр айында, нақытырақ айтқанда, 10-12 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында болады. Оған олимпиадалық рейтингте жоғары тұрған барлық мықты келетіні анық.

Әсіресе, олармен белдесетін өзіміздің спортшылар үшін керемет мүмкіндік дейді мамандар. Өйткені, Қазақстан алаң иесі ретінде әр салмақта 4 спортшыдан шығара алады.

Өте жауапты сәт. Бүгінгі таңда жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Спортшыларымызға да артар сеніміміз мол. Отандастарымызды жарысқа келіп, құраманы қолдауға шақырамыз,- деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев.

Айта кетейік, астанамыз осындай деңгейдегі жарысты екінші жыл қатарынан қабылдағалы отыр. Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы келісімшартқа сәйкес, бізде 4 мәрте яғни, 2026 жылға дейін осы жарыс ұйымдастырылады.

Ангелина Лукас жарыстан бас тартты 

Ангелина Лукас Астанадағы бокс бәсекесіне қатыспайды. Атышулы былғары қолғап шебері оны жарыстар кестесінің тығыздығымен түсіндірді.

Яғни, ол 30 наурызда Тайландтағы кәсіпқой бокс кешіне қатысқан болатын. Ал 20 сәуірде кезекті кездесуін өткізеді. Осыған байланысты елордадағы іріктеу жарысына келе алмайды деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы.

Айта кетейік, бірер күннен кейін, нақтырақ айтқанда, 8-10 сәуір аралығында Париж олимпиадасының жолдамасына таласатын жерлестеріміз анықталады. Яғни, кішігірім ішкі біріншілік ұйымастырылмақ.

Ангелина Лукас өнер көрсететеін 54 келі салмақ дәрежесінде 6 үміткер бар.

Атап айтқанда, ұлттық құрама үздігі – Жайна Шекербекова, бұған қоса, Элина Базарова, Ұлжан Сәрсенбек және Сымбат Әлиасқар шақырту алды.

Сонымен қатар, кәсіпқой бокстың тағы бір өкілі Балауса Мұздыманға да мүмкіндік берілді. Жеңіске жеткен боксшы мамыр айында Банкок қаласында өтетін лицензиялық жарысқа қатысып, Париж олимпиадсының жоламасына таласады.

Жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир

4 елдің үздіктері Түркістанда бас қосты. Бұнда олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир жалғасып жатыр.

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 200-ден аса қатысушы жиналды.

Айта кету керек, бұған дейін ұлдар ғана шаршы алаңға шығатын. Былтырдан бастап, жарыс бағдарламасына бұрымды боксшылар бәсекесі де қосылды. Сәйкесінше, жарыстың екінші күні бірыңғай қыздар арасындағы айқастар болды.

Әсіресе, 50 келіге дейінгілер арасындағы жекпе-жектер тартысты өтті.

Ел намысын абыроймен қорғаған боксшыны халық жадында мәңгі сақтау үшін халықаралық турнир жыл сайын өткізіледі. Биыл 22-мәрте ұйымдастырылды.

Байрақты бәсекенің бас төрешісі Ержан Оспанбаев жарыстың деңгейі өсіп келе жатқанын алға тартады.

Айта кетейік Түркістан төріндегі турнирдің финалдық жекпе-жектері Бекзаттың туған күні – 4 сәуірде өтеді.

Көркем Берікқызы, турнирге қатысушы /Маңғыстау облысы/:

- Бұл жекпе-жекте бауырдан ұрудың арқасында жеңіске жеттім. Әрине бұның бәрі өзімнің бапкерімнің арқасында және осындай жоғары деңгейде өтіп жатқан Б.Саттарханов ағамызды еске алуға арналған турнирінде бокстасқаныма қуаныштымын. Бұйырса 1-орын алуға тырысамын.

Ержан Оспанбаев, турнирдің бас төрешісі:

- Балалардың деңгейі өте жоғары, ал мына қыздарға келсек, ол елдерде қыздардың боксы кеш дамыған. Сондықтан техникалары да, тактикалары да біздің қыздарға қарағанда сәл төмендеу. Алда Астана қаласында жастар арасында Азия біріншілігі өтеді, соған іріктелуде.

Аслан Қаженов, 24.KZ