Су тасқыны. Жарыс кейінге шегерілді

Спортшылар да бей-жай қарап отырған жоқ. Қазір эвакуациялық аймақтарға аттанып, қолдан келер көмектерін көрсетуде.

Әсіресе, жергілікті тұрғындарды көшіруге және бөгеттерді нығайтуға атсалысып жүр.

Ал құзырлы министрлік осы жұмыстарды жүйелеу үшін арнайы меморындум жасап, жоспарды бекітті.

Спортшылар да су басқан аймақтарға көмектеседі

Күні кеше 7 мыңнан аса сала өкілі эвакуациялық аймақтарға аттанғанын айттық. Бұған қоса, 32 федерация материалдық, ал 6 федерация қаржылай қолдау танытып жатыр.

Енді осы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін құзырлы ведмоство яғни, Туризм және спорт министрлігі мен «Дала қырандары» жастар бірлестігі өзара келісім жасап, меморандумға қол қойды.

Министрлік жанындағы кездесу барысында бүгінге дейін атқарылған жұмыстар талқыланып, алдағы жоспар бекітілді. Ал министр Ермек Маржықбаев өз кезегінде барынша жанашырлық танытып, еріктілер қатарына қосылған сала мамандарына алғыс айтты.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Ең алдымен қазіргі қиын кезеңде көрсеткен ізгі амал, жақсы ниет, қажырлы еңбек үшін сіздерге алғыс айтқым келеді. Біз сіздермен мақтанамыз және ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Кәсібиліктеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз. Сіздер төзімділіктің, ақкөңілдіктің және ерлерге тән қасиеттің жарқын үлгісін көрсетіп жүрсіздер.

Жарыс кейінге шегерілді

Су тасқынан зардап шеккен айтмақтарда жоспардағы жарыстар кейінге шегеріліп жатыр.

Мәселен, ертең Ақтөбеде мектеп-интернат-колледждер арасындағы Туризм және спорт министрлігінің Кубогы өтуі керек еді. Қалыптасқан жағдайға байланысты оның уақыты өзгерді. Нақтырақ айтқанда, респбуликалық бәсеке 15-22 мамыр аралығында болады. 

Айта кетейік, осымен 3-рет ұйымдастырылатын байрақты бәсекеге 2008-2009 жылы дүниеге келген өрендер қатысады. Ол жерде бокс, күрес, дзюдо, таэквондо сияқты олимпиадалық бағыттар бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен құрамаға 5 миллион теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.

Айта кетейік, министрлік кубогы бұған дейін Астана және Талдықорған қалаларында өтті. Екеуінде де Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледждің спортшылары жеңімпаз атанды.

Қоржында 1 күміс, 1 қола

Дәл қазір көрші қырғыз елінде күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр.

Жарыстың алғашқы күні еркін күрес шеберлерінің бәсекесі болды. Бозкілемге 5 балуанымыз шығып, оның екеуі жеңіс тұғырына көтерілді.

Атап айтқанда, 97 келіге дейінгілер арасында Ризабек Айтмұқан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол финалға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал ақтық сында Бахрейн намысын қорғайтын дағыстандық Ахмад Тажудновпен жолықты. Қос әлем чемпионының белдесуі аса тарысты өтті. Нәтижесінде 4:2 есебімен Тажуднов жеңіске жетті.

Айта кету керек, Ризабек пен Ахмад осымен 2-рет кездесіп тұр және екеуінде де қазақстандық палуан есе жіберді.

Бұған қоса, 57 келіге дейінгілер арасында тағы бір жерлесіміз Мейрамбек Қартбай қола жүлдегер атанды. Ол соңғы сында қытайлық Вейю Лиден айласын асырды.

Азия чемпионаты әлі жалғасып жатыр. Бүгін қалған 5 салмақтағы медальдар сарапқа салынады. Одан кейін әйелдер күресі және грек-рим күресі шеберлерінің бәсекесі бар. Бішкек қаласындағы байрақты бәсеке 16 сәуірде аяқталады. 

Лайықты ізбазарлар өсіп келеді

Петропавл қаласында грек-рим күресінен жастар арасындағы ішкі біріншілік өтті.

Оның барысында алдағы Азия және Әлем чемпионаттарында ел намысны қорғайтын құрама жасақталды.

Отандық мамандар, әсіресе, 60 келідегі Айбек Айтбековтен зор үміт күтеді. 19 жастағы астаналық спортшы өз жас деңгейінде қарсылас шақ келтірмеді. Тіпті, биыл ол ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына да қатысып, 2-орын алған болатын. Енді Айбек шілде айында Сауд Арабиясында өтетін құрлықтық додада өнер көрсетеді. Араға бір ай салып, Испаниядағы әлемдік аламанда да бақ сынайды. Қазір ол Астанада жеке бапкері Әділ Әлжекеевпен дайындықты пысқытап жатыр.

Айта кетейік, былтыр дәл осы залдан шыққан 5 спортшы Азия чемпионатына аттанып, бесеуі де жүлдемен оралған болатын.

Аслан Қаженов, 24.KZ