Риддерде садақ ату орталығы ашылды
Риддер ұлттық құндылықтарды ұлықтап жатыр. Кеншілер шаһарында садақ ату орталығы ашылды.
Енді түрлі ұлыс өкілдері жиналып бұл өнер түрін бірлесе насихаттайды. Түрлі сайыстар өткізіліп, мықты мергендер де анықтала бастады.
Анатолий Машинов алғаш рет садақты наурыз мерекесінде ұстап көріпті. Содан бері қызығушылығы артып, ұлттық орталыққа келіп, машықтана бастаған. Бүгін тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Өзі ең шалғайдағы 4-ықшам ауданнан арнайы келіпті. Мұндай клубтар қаланың барлық жерінде ашылса, артық етпес еді дейді. Өйткені өзі тәрбиелеп жүрген ұл-қыздарды ұлттық спортқа баулығысы келеді.
Анатолий Машинов, мұғалім:
- Садақ ату – қызықты. Үйреніп алдым. Көп досым бар. Өзім денешықынтурдан сабақ беремін, балаларға осы спортты үйретсе, көп клуб ашса.
Осылайша қазақтың қанына сіңген өнер көп этносты риддерліктерді бір шаңырақ астына ұйыстырды. Олар садақ қана емес, асық атып, тоғызқұмалақ та ойнайды. Орталықты ашудағы мақсат та осы болатын.
Дидар Қайырбекұлы, орталық жетекшісі:
- Қаламызға осындай бір дүние керек болды, садақ ату болмаса да, ұлттық спортты ұлттық дүниетанымды көрсететін. Сондықтан осындай шешімге келдік. Алғашқыдай емес, біліп, танып, қазір тек қана қазақ ұлты ату керек деп емес, басқа ұлттар да қатысып, өте жақсы пікір білдірді.
Мұнда келгендер 5-10 метрден бастап 25-30, тіпті 50-70 метрден нысананы дәл көздеуді үйренеді. Ол үшін барлық мүмкіндік бар.
Ұлан Буыржанұлы әу баста садақ атуды әуесқойлықпен бастап, қазір кәсіби деңгейге жетті. Қазіргі көздеген межесі 50-70 метрді бағындыру. Оның техникасы да, тәртібі де бөлек.
Ұлан Болат, садақшы:
- 20 мен 30 метрге дейін нысананы көріп тұрғандай түзу атамыз да, 70-50 метрге дейін кішкене жоғары атамыз себебі ағаш жебе желдің соғыумен ауытқуы мүмкін.
Ашылғалы бері бұл орталыққа мыңға жуық адам келіпті. Ең мықтылары байрақты додаларға іріктеледі. Демек алдағы уақытта кеншілер қаласынан құралайды көзге атқан мергендер де шығуы әбден мүмкін.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов. ШҚО 24.KZ