Жәнібек Әлімханұлы дайындыққа кірісті
Бұл жөнінде қазақстандық кәсіпқой боксшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.
«Мен дайындыққа кірістім. Чемпиондық белдіктерді біріктіргім келеді. Егер мүмкіндік болмаса, өзімнің атақтарымды қорғаймын. Сондықтан бәріне дайын болуым қажет», - деді Жәнібек. Жерлесіміздің кезекті жекпе-жегі шілде айында өтеді. Бұған дейін ол WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белдіктің иегері доминикандық Карлос Адамеске ұсыныс тастаған болатын. Екінші тарап қарсы еместігін жеткізді. Яғни жақын арада келісімшарт жасасуы мүмкін. Егер ол жүзеге аспаса, Жәнібекке Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығуға тура келеді. Өйткені ол чемпиондық белдікке негізгі үміткерлердің бірі. Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Соның арқасында орта салмақтан WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді жеңіп алды.