Қазақ балалары АҚШ-та «Flex» бағдарламасы бойынша оқып жүр
АҚШ-та «Flex», яғни Болашақ көшбасшылармен алмасу бағдарламасы бойынша талай қазақ баласы оқып жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл Американың әртүрлі штатында 100-ге жуық қазақстандық оқушы бір жылдай білім алды. Үйлеріне қайтар алдында жастар Вашингтон қаласындағы Қазақстан елшілігінде жоба ұйымдастырушыларымен кездесіп, алған әсерлерімен бөлісті.
1993 жылдан бастау алған бағдарлама АҚШ пен Еуразия елдері арасындағы өзара түсіністік пен ұзақмерзімді бейбіт қарым-қатынас орнатуға бағытталған. Оны АҚШ мемлекеттік департаменті қаржыландырады. Бағдарламаға жолдама алып, Америкада оқыған қазақстандық оқушылар елімізде жоғарғы бәсекелі байқаудан өтіп іріктелген болатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген болашақ көшбасшылар америкалық білім алып қана қоймай, осы жақтағы мектептерде Қазақстан туралы да айтып, таныстырғандарын жеткізді.
Гүлнұр Балтабай, оқушы:
- Қызылорда қаласынанмын, 11-сынып оқушысымын. Қазір біз Embassy of Kazakhstan Вашингтонда тұрмыз. Аризона деген штатта үй, отбасы табылды. Прескот деген қалада тұрдым. Менің ойымша, ол – өте керемет бағдарлама.
Бағдарлама туралы туысынан естіген Гүлнұр елшіліктегі кездесуде кішкентай қалалар мен ауылды жерлердегі жасөспірімдер бұл мүмкіндік туралы біле бермейтінін айтады. Сондықтан ұйымдастырушылар «Flex» бойынша оқыған әр оқушы жерлестеріне ол туралы баяндап, ой-пікірлерімен бөлісіп жүрсе, көбірек оқушы хабардар болар еді деген пікірде.
Бритта Бьорнлунд, АҚШ мемлекеттік департаментінің білім және мәдениет бөлімінің жетекшісі:
- Қазақстан – «Flex» бағдарламасымен ең көп оқушы жіберген мемлекет. Біз конкурстан өтіп, осында оқыған әр қазақстандық оқушыны мақтан тұтамыз. Олар мұнда білім алып қана қоймай, америкалықтарға Қазақстан туралы, қазақтың мәдениеті, әдебиеті, ұлттық тағамдарын таныстырды. Бұл – америкалықтар мен қазақтар бірге жиналып, бір-бірінен көп дүние үйренуге мүмкіндік беретін керемет бағдарлама.
АҚШ-тың мемлекеттік мектептерінде бір жылдай оқыған қазақстандық оқушылар ағылшын тілдерін жетілдіріп, жергілікті салт-дәтүрмен танысқан. Елшіліктегі кездесуге әр штаттан келген балалар бір-бірін көріп, қуанып, естелікке фотоға түсті.
Авторы: Айжан Сыдықова.