Талдықорғанда суға жүзуден Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады
Талдықорғанда суда жүзуден Қазақстанның ашық чемпионаты басталды.
Оған еліміздің әр аймағынан және Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Олар жүзудің 4 әдісі бойынша сынға түседі. 17 мамырға дейін жалғасатын чемпионаттың жеңімпаздары ұлттық құрама қатарына іріктеледі. Ал «А» категориясы бойынша нормативті орындағандар Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болады.
Руслан Жолдыбаев, ҚР Су спорты түрлері федерациясының атқарушы директоры:
- Суға жүзуден Олимпиадаға үш спортшы жіберуді жоспарлап отырмыз. Егер жолдамаға ие болғандар көп болса қуана түсеріміз сөзсіз. Бұл елімізде өтетін ең маңызды жарыстардың бірі. Сондықтан спортшылар барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысып жатыр.