Былғары қолғап шеберлері «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Былғары қолғап шеберлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.
Олар 30 түп жөке ағашын отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Темірбек Жүргенов, Рақымжан Қошқарбаев, Кенен Әзірбаев көшелеріне жалпы саны 6 мың 300 түп ағаш отырғызу жоспарланған.
Қолдарына күрек ұстап, жер қопарып, тал еккендер бұл жолы Париж олимпиадасына жолдама алған боксшылар болды. Дүбірлі дода алдында олар өз қалаларын көгалдандыруға атсалысты.
Айбек Оралбай, Париж Олимпиадасының жолдама иегері:
- Бүкіл адам өз қаласын таза ұстаса қала тазара түседі деп ойлаймын. Біз сияқты спортшыларға, бизнесмен адамдарға бәрі қарайды ғой. Сондықтан біз осындай акцияларға қатысып тұрамыз.
Экологиялық акцияға былғары қолғап шеберлерімен бірге жас спортшылар да жұмылдырылды.
Исламбек Байманов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Біздің қала тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясына баулу және оларды шақыру аясында өтіп жатыр. Біздің өсіп келе жатқан келешек чемпиондармен бірге тәжірибе алмасу.
Ұйымдастырушылар акция аясында 6 мың 300 тал-терек отырғызуды жоспарлаған. Бүгін ағаш отырғызып, елдің алғысына бөленген боксшылар ертең олимпиадаға аттанады.
Асантемір Қаршығаұлы, Ырыстанбек Оспанов