Астанада елшілер арасында тоғызқұмалақ сайысы өтті

Елдестірмек елшіден демекші, бүгін Астанадағы шетелдік елшілер төл ойынымыз тоғызқұмалақтан сайысқа түсті.

Жыл сайын әлем бойынша танымалдылығы артып келе жатқан зияткерлік бәсекеде дипломаттар өзара мықтыны анықтады.

Елордада тұңғыш рет елшілер арасында тоғызқұмалақ чемпионаты өтті. Төл ойынымыздың жарысына Еуроодақ, Марокко, Ирак, Қырғызстан, Эстония, Литва, Латвия, Польша, Румыния секілді елшілік өкілдерімен қатар халықаралық ұйымдар мен білім ордаларының басшылары қатысты. V дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында өткен сайыстың шетелдік дипмиссия өкілдері алдында имидждік құндылығымен қатар, ынтымақтастық маңызы да аса зор.

Әлихан Бәймен, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

"Елдестірмек елшіден дейді ғой. Бұл кісілер қазақтың бір жағынан мәдени мұрасын тереңірек тану үшін, екінші жағынан біздің ұлттық зияткерлік ойынымызды өздері үйреніп сол арқылы ақпаратты еліне тарату үшін дәстүрлі The One Hotel шеберлер жарысымен қатар елшілер арасындағы жолдастық кездесу ұйымдастырып отырмыз."

Қыркүйектегі халықаралық шарада 50-ден астам елдің өкілі тоғызқұмалақ бойынша кім мықтыны анықтайды. Соның бірі шахматтың Отаны болған Үндістан. Бүгін бұл елдің дипломаты Еуроодақ өкілімен сынға түсті. 

Санджай Веди, Үндістан елшілігінің бірінші хатшысы, Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры:

"Ұлттық ойындардың адамдардың, туған-туыс, дос-жаранның басын біріктіретін миссиясы барын ұмытпау керек. Дипломат ретінде бұны маңызды деп есептеймін. Ал қарсыласыма келер болсам, екеуміздің шама шарқымыз бірдей екен. Қызық ойын болып отыр.

Мачей Адам Мадалински, Еуроодақ өкілдігінің бірінші кеңесшісі және саясат, баспасөз және ақпарат бөлімінің басшысы:

- "Алғашында оңай болып көрінгенмен, ойнай келе күрделі екеніне көзім жетті. Себебі бірнеше қадам бұрын ойлап, ұтымды стратегия құра білу қажет. Әйтпесе атсырап, соңында жүріс жасай алмай қаласыз."

"Ұпайларыңыз тең көрінеді. Қарсыласыңыз жайлы не ойлайсыз?"

"Өте ақылды қарсылас екен."

Шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы бұл сайысты енді жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдыруды көздейді. Ойынның қызығына тоймаған елшілер үшін бір-бір тоғызқұмалақ тақтасы да сыйға тартылды. Осылайша қазақы soft power -тоғызқұмалақтың аты кеңінен танылып, мәртебесі өсе бермек.

Ердана Ержанұлы, Мерей Талап