Арыстағы ауылда жаңа спорт кешені ашылды

Ауылға тарту.

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындары «Ауыл - ел бесігі» жобасының игілігін көріп отыр. Былтыр жоба шеңберінде екі ауылға мәдениет үйі салынса, биыл Қожатоғай ауылында соңғы үлгідегі спорт кешенінің құрылысы аяқталды.

Қожатоғай - Арыс қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан ең шалғай ауыл. Мұнда 300 түтін, 1700-дей халық тұрады. Жаңа нысанның құрылысы өткен жылы басталды. Алдағы 1 маусым – балаларды қорғау күні ел игілігіне берілмек. Ауылда бұрын спорт кешені болмағандықтан балалар мектептің стадионымен шектелген. 

Есіркеп Жұмабеков, Қожатоғай ауылының тұрғыны:

- Бұрын бұл ауылда бұндай спорт кешені болмаған. Халқымызда сөз бар ғой. «Спорт – денсаулық кепілі» деп. Енді осындай үлкен ғимаратты пайдаланып, осы елдің балалары келешекте дені сау болып, өсіп-өніп, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенім білдіреміз.

Спорт кешені жүз орынға лайықталған. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес, бокс, үстел теннисі, шағын футбол сияқты спорттың бірнеше түрінен секциялар ашылады. Балаларға киім ауыстырып, жуынатын орын да қарастырылған. Жоба құны 231 млн теңге. Ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Мамандар жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту мақсатында тағы бірнеше ауылда дәл осындай үлгідегі спорт кешені салынатынын жеткізді. 

Ғани Садықов, Арыс қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Осы сияқты Арыс қаласына қарасты 6 ауылдық округте 6 спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеп, республикалық, облыстық бюджеттерге тиісті басқармалардың келісімін алып, қаржысын қарау бойынша ұсыныс беріп қойдық. Ағымдағы жылға 1 спорт залға қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. 

Өткен жылы Түркістан облысында 51 спорт нысаны пайдануға берілсе, оның 7-уі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асты. Биыл жоба шеңберінде спорт залы жоқ шалғайдағы 12 ауылда жаңа кешен бой көтереді деп күтілуде. Әлі өңірдегі 96 елді мекенге спорт алаңшалары қажет.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов