Ролан Гаррос 2024: А. Шевченко турнирді жеңіспен бастады
Теннисшілердің айтулы жарыстарының бірі Роллан Гаррос Франция ашық біріншілігі басталды.
Кез келген спортшының арманы Олимпиада чемпионы болу десек, теннис ракеткасын ұстаған қыз-жігіттердің мақсаты – Үлкен дулыға жарыстарында жеңіске жету.
Иә, біз де Париж жаққа үмітпен қараймыз. Өйткені әлем мықтыларымен иық тірестіріп жүрген Елена Рыбакина бар. Жерлесіміз алғашқы кездесуін бүгін Бельгиялық Грет Минненге қарсы өткізеді.
Бұрымдылар бірінші кезеңнен сүрінбей өтті
Таиландта өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бұрымдыларымыз бірінші кезеңнен сүрінбей өтті. Дәлірек айтсақ, әйелдер арасында 60 келі салмақта сынға түскен Римма Волосенко германиялық Мария Ганглбауерді тізе бүктірді. Римманың ендігі қарсыласы – үндістандық Анкушита Боро. Сондай-ақ 75 келідегі шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Валентина Хальзова украиналық Каролина Махноны 5:0 есебімен жеңді. Енді ол 1 маусым күні моңғол қызымен жұдырық түйістіреді.
Өзбектерге алтын бұйырмады
Алматыда Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Бір аптаға созылған дәстүрлі жарыс биылда тартысқа толы болды. Әдетте қазақ-өзбек боксшылары атой салып жататын. Биылғы турнирге тәжіктер үлкен дайындықпен келіпті. Күміс пен қоладан бөлек, екі алтын алып қайтты. 60 келіге дейінгі салмақта Акмал Убайдов топ жарса, 92 келіге дейін Парвиз Кәрімов чемпион атанды. Сондай-ақ қырғызстандық Омар Ливаза 63,5 келіде жеңіске жетсе, армениялық Накобкахан Харутун 67-де олжалы болды. Өзге салмақта қазақ боксшыларының шоқтығы биік болды. Жарыстың өте жоғары деңгейде өткенін өзбек жігіттері де мойындап отыр. Қоланы қанағат тұтқан Сохибжон Садикжонов: «Нұрмағамбетов турнирінде осал боксшы болған жоқ. Қоланың өзі үлкен қиындықпен келді. Келер жылы бұл жарысқа жоғары дайындықпен келіп, топ жаруға тырысамын», – деді.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:
- 27-ші рет Қорғаныс министрлігі осындай халықаралық жарысты ұйымдастырып жатыр. Жарыстың ерекшелігі биыл 7 мемлекет осы біздің жарысқа қатысып жатыр және де Қазақстан Республикасының 21 құрама командасы қатысып отыр. Осындай жарыстың арқасында бізде жаңа аттар шығып жатыр, спортшыларымыз. Армия спортшыларының жаңа аттары шығып жатыр.
Боччадан ел чемпионаты басталды
Елордада боччадан Қазақстан чемпионаты байрағын көтерді. Оған 10 өңір мен 2 қаладан командалар қатысып жатыр. Спорттың бұл түрі мүмкіндігі шектеулі жандардың қимыл-қозғалысын дамытуға арналған. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары боччаға қызығушылар көбейген. Ел біріншілігіне былтыр 50 шақты адам қатысса, бұл жолы олардың қатары 90-ға жуықтады. Жарыс ай соңына дейін жалғасады.
Әлия Құбаева, жарысқа қатысушының анасы:
- Бочча ойынынан зейіні тұрақталды. Қолы жақсарды және нақтылықты, түзу лақтыруды, көздеуді үйренді бала. Ол – бізге үлкен жетістік. Бұл ортаға келгелі біздер достар таптық, орта таптық.
Қазақстандық нұсқаушылар халықаралық курстан өтті
Астанада спорт саласының мамандары халықаралық стандарттарға сай алғашқы мединалық көмек көрсету курсынан өтті. Польшадан келген нұсқаушылар қатысушыларға 1 апта бойы қауіпсіздік және құтқару жұмыстары жөнінде практикалық сабақтар өткізіп, біліктіліктерін арттыруға көмектесті. Нәтижесінде қазақстандық кәсіби деңгейдегі 8 нұсқаушының алтауы бірнеше күндік сынақтан өтіп, халықаралық деңгейдегі лицензиясы бар маманға айналды. Енді олардың алдағы уақытта өзге отандастарымызға үйретуге мүмкіндігі бар.
Александр Скалий, халықаралық дәрежедегі нұсқаушы:
- Еуропа елдерінде әр 45 секунд сайын бір адам жүрек талмасынан қайтыс болады. Сондай кезде қасындағы азаматтардың осындай кішігірім медициналық білімі болса, 80%-ке дейін аман алып қалуға мүмкіндігі болады. Жер бетінде адам денсаулығынан асқан маңызды еш нәрсе жоқ. Сондықтан мұндай курстарға бейжай қарауға болмайды. Мен өзіммен бірген Польшадан 6 нұсқаушы әкелдім. Олар қазір курс қатысушыларына барынша үйретіп жатыр.
Көкпардан жастар арасындағы ел біріншілігі аяқталды
Шымкентте көкпардан жастар арасындағы XVIII ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі доданың ақтық сынына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының көкпаршылары шықты. Жартылай финалда Түркістан облысы Атырау облысының құрамасын 8:3 есебімен жеңсе, Шымкент командасы мен Алматы облысы арасындағы ойын 9:3 есебімен аяқталды. Ал көптен күткен финалдық сайыста түркістандықтар жауапсыз 3 салым салып, ел чемпионы атанды.
Айта кетейік, сайысқа әр өңірден 12 команда мен 140-қа жуық шабандоз қатысқан болатын. Жарыстың жалпы жүлде қоры 16 млн теңгені құрайды.
А. Шевченко турнирді жеңіспен бастады
Қазақстанның екінші, әлемнің 59-шы ракеткасы Александр Шевченко Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты. Жерлесіміз алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 82-ші орында тұрған ресейлік Аслан Карацевпен жолыққан болатын. Бес сетке созылған тартысты матчта Шевченко 6;4, 4:6, 1:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті. 3 сағат 15 минутта қазақстандық спортшы 13 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың тоғызын пайдаланды. Карацев 1 эйс, 8 брейктен аса алмады. Енді Александр үшінші айналымға өту үшін әлемнің 79-шы ракеткасы, франциялық Корентен Мутемен сынға түседі.