Боччадан ел үздіктері анықталды
Астанада боччадан ішкі біріншілік мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.
Айта кету керек, биыл паралимпиадалық сайыс алғаш рет командалар мен жұптар арасында да ұйымдастырылды. Сәйкесінше, қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Бұл жолғы байрақты бәсекеге барлық аймақтан 90 қатысушы жиналды. Әсіресе, Түркістан және Батыс Қазақстан облысының құрамалары бірінші рет бақ сынады. Қазір 10 облыста Қазақстан бочча федерациясының филиалы бар. Алдағы уақытта басқа да өңірлерде ашу жоспарланып отыр. Сенат төрағасы әрі Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев осы жарыстан кейін ұлттық құрамада өзгерістер болатынын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, ҚР Бочча федерациясының президенті:
- Биыл ел чемпионатын өткізу барысында алғаш рет Халықаралық бочча федерациясының электронды базасын қолдандық. Ол әр ойынның нәтижесін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – елімізде халықаралық жарыс өткізу жолында жасалған маңызды қадам. Алдағы жылдары елордада әлемнің басқа елдерінен келген боччашылардың қатысуымен осындай жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз.