Euro-2024: Германия футбол додасына қызу дайындық үстінде
Санаулы күндерден кейін Германияда футболдан Еуропа чемпионаты басталады, деп хабарлайды 24kz.
Дүбірлі додаға Кәрі құрлықтың 24 ұлттық құрамасы қатысады. Ойындарды миллиондаған жанкүйер тамашалайды. Қазір келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қолға алынып жатыр.
Жанкүйерлерге арналған аумақ 15 мың адамға есептелген. Ауданы 18 мың шаршы шақырымды құрайды, бұл 2 футбол алаңымен тең. БАҚ өкілдері биыл ең үнемді Еуропа чемпионаты өтетінін жарыса жазып жатыр. Өйткені үнемшіл немістер бюджетті ысырап етпеуге шешім қабылдапты. Олар футбол бәйгесі үшін арнайы стадион немесе әуежай салғызған жоқ. 2006 жылы ұйымдастырған әлем чемпионаты кезіндегі инфрақұрылымды қайтадан кәдеге жаратуды тиімді деп тапқан. «Ал оны қайта жөндеуден өткізу үшін 650 млн еуро жұмсалады», дейді.
Феликс Брих, Мюнхен қаласының елшісі:
- Уақыт жақындаған сайын қобалжудамыз. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл стадион Еуро стандартына сай қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Мысалы, жанкүйерлер тұрып көретін жерлерге орындықтар қойдық.
Чемпионат кезінде мұнда 120 елден 2,5 млн жанкүйер жиналады. Келушілерге қойылатын басты қағида – қауіпсіздікті сақтау. Маусым айы басталысымен Польша, Чехия, Австрия және Швейцариямен шекарада бақылау қатаңдатылмақ. Әуежай мен вокзалдарда жолаушылар тексеріспен ғана қабылданады. Қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша полиция күштері жұмылдырылады.
Маркус Зёдер, Бавария федералдық жерінің премьер-министрі:
- Мен үнемі әлем және Еуропа чемпионаттарын жібермей тамашалаймын, тұрақты жанкүйермін. Бұл жолы Германия басты шараны өткізбек. Жаңа командалар құрылған. Сол күнді асыға күтудемін.
Еуропа чемпионаты бір айға созылады. Ауқымды шара Берлин, Мюнхен, Кёлн сияқты бас-аяғы 10 қалада өтеді. Ал чемпионат финалы Германия астанасында болады. Стадионға кіре алмаған жанкүйерлер ойынды Берлин қақпасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева