Қазақстандық паражүзушілер Берлинге аттанды

Берлинде паражүзу спортынан халықаралық жарыс өтіп жатыр.

Дүбірлі додаға биыл әлемнің 50 мемлекетінен келген ондаған спортшы қатысуда. Арасында қазақстандықтар да бар. Байрақты бәсекеде отандастарымыз қалай өнер көрсетіп жатыр? Нәтиже қандай?

Бұл жарыста ел намысын 12 параатлет қорғап жатыр. Команда құрамында халықаралық сайыс жүлдегерлерімен бірге жас жүзушілер де бар. Бәрі бәсекеге сақадай сай екенін айтады. 

Алина Синельникова, IDM BERLIN жарысына қатысушы:

- Бүгін негізгі қашықтықтардың бірі – 400 метрге жүзуден сайысқа түсемін. Шамалы қобалжу болғанымен жарысқа дайынмын деп ойлаймын. Жеңіске жету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

Айбек Искра, IDM BERLIN жарысына қатысушы:

- Біз жақтан ең мықты спортшыларды іріктеп алады. Қазақстан чемпионатың ұту керексің, өзіңді көрсету керексің. Сонда ғана сені осындай биік дәрежелі жарыстарға алып келеді. Әлем Кубогі IDM Берлин өте керемет өтіп жатыр. Бұндай жарыста өзінді көрсетіп, мастер спорта международного класса деген дәрежеге жетсе болады. Лицензия алса болады не только пара ойындарға, Азияға да лицензия алуға болады.

IDM Berlin чемпионаты пара жүзуден әлемдік серия кезеңдерінің бірі саналады. Оған жыл сайын Жер-жаһанның мықтылары жиналады. Биыл 50 елден қатысушы келіп отыр. Сәйкесінше бәсекелестік өте жоғары, дейді құрама бапкері. Десе де, біздің жүзушілер аянып қалмай, жақсы нәтижеге қол жеткізіп үлгерді.

Наталья Манохина, бапкер:

-Біріншіден, біздің көздегеніміз спортшыларымыздың медициналық классификациядан өтуі болды. Екіншіден, өз көрсеткіштерін жақсартуға ұмтылу. Бірақ өкінішке қарай, біріншісінен сүріндік. Себебі екі спортшымызды көру қабілеті бойынша өткізбеді. Ал нәтижелерге келер болсақ, жаман деуге келмейді. Екі күннің қорытындысы бойынша құрамамыз Қазақстанның 4 рекордын жаңартты. Атап айтқанда, олар Звягинцева Наталья, Синельникова Алина, Сарсенбаев Мақсат пен Рахманберді Сәулет. Екеуі жас жүзуші.

Берлиндегі турнирде қазақстандық спортшылар жазғы Паралимпиада ойындарының нормативтерін де орындайды. Роман Потапов пен Наталья Звягинцева 100 метрге арқамен жүзуден сынға түсіп, Париждегі додаға жолдама алуға тырысады.

Шолпан Найманбаева