Станислав Черчесов Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Ресейлік жаттықтырушы Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Ол өз отандасы Магомед Адиевті алмастырды. Черчесовтің бапкерлік қызметтегі ең үлкен жетістігі Ресей құрамасымен байланысты. 2018 жылғы әлем чемпионатында орыстар ширек финалға дейін жетті. Бұған қоса жаттықтырушы ретіндеол  Ресейдің «Спартагын», Польшаның «Легиясын» және Венгрияның «Ференцварошын» басқарды. Артынша Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесовтың жалақысына қатысты ақпаратты теріске шығарды. Айта кетейік, жаңа бапкер жылына 1,2 миллион доллар, яғни айына 50 миллион теңге жалақы алады деген мәлімет тараған болатын. «Станислав Черчесовтың жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді. Келісім-шарттың құпиялығын сақтай отырып, бапкердің жалақысы жария етілмейді. Келісім-шарт бюджет тарапынан қаржыландырылмайды» делінген арнайы хабарламада. Жаңа бапкердің басшылығымен ұлттық командамыз осы айда 2 жолдастық кездесу өткізеді. Яғни 7 маусымда – Армениямен, 11 маусымда Әзербайжанмен жолығады.