Дзюдодан Олимпиадаға қай спортшы баратыны анықталады

Олимпиадағы нақты кімнің баратыны арнайы іріктеуде анықталады.

Әңгіме дзюдодан 60 келіде өнер көрсететін Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин жайында. Үшеуі де медальға қол соза алатын негізгі спортшыларымыз саналады. Ал, олимпиадаға әр елден әр салмақта бір ғана спортшы қатыса алады. Сондықтан, отандық бапкерлер нақты кімді жіберерін білмей біраз бас қатырды. Біз бұл мәслені кеше ғана 24 кз арнасының эфирінде көтерген болатынбыз. Араға бірер сағат салып Қазақстан дзюдо федерациясы ресми мәлімдеме жасады. Оған сәйкес,  Олимпиадаға қатысуға үміткер спортшылар арасында іріктеу белдесулері болады. Ол алдағы жұмада, яғни, 7 маусым күні Алматы қаласындағы жаттығу жиыны аясында ұйымдастырылмақ. Жеңіске жеткен тарап Париждегі жазғы ойындарға аттанып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алады Бұндай тәжірибе басқа елдерде де бар және дәл осы форматтағы іріктеу әділ деп есептейді спорт мамандары. Айта кетейік, жуырда ғана жаңартылған олимпиадалық рейтинг бойынша Нұрқанат Серікбаев 15-ші, Елдос Сметов 22-ші,ал, Мағжан Шамшадин 24-орында тұр.

Ал сұрмергендеріміз әлем кубогіне қатысып жатыр. Бұл Париж Олимпиадасы алындағы соңғы халықаралық жарыс саналады. Сәйкесінше, жолдама алып қойған спортшыларымыз үшін шеберлікті шыңдап, тәжірибені арттыруға керемет мүмкіндік дейді ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун. Мюнхен қаласындағы дүниежүзілік додаға 88 мемлекеттен 600-ден аса қатысушы жиналды. Олардың арасында 20-ға жуық жерлесіміз бар. Олар алғашқы жарыс күндері жеңіс тұғырына көтерілген жоқ. Десе де, өз нәтижелерін жақсартқан спортшыларымыз бар. Мәселен, Александра Ле осы маусымдағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Ол 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде 632 ұпай жинап,  жалпы есепте 12-орынға тұрақтады. Яғни финалға шығуына 0,6 ұпай, ал ел рекордын жаңартуға 0,7 ұпай жетпей қалды. Ұлттық құрама сапындағы басқа қыздар, атап айтақнда, Елизавета Безрукова – 36, Арина Алтухова - 77-орынға жайғасты. Ерлерден үздік нәтиже Ислам Сатпаевқа тиесілі. Ол жарысқа қатысқан 118 мергеннің ішінде 29-орынға тұрақтады. Қазақстандық Константин Малиновский 54, Никита Шахторин 92, ал,  Матвей Тимофеев 102-орындарда. Мюнхен қаласындағы байрақты бәсеке 8 маусымға дейін жалғасады.

Рыбакина ширек финалға шықты. Францияның Париж қаласында теннистен жыфл сайын әлем үздіктерінің басын қосатын Ролан Гаррос турнирі өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Елена Рыбакина кордқа шықты. Ол украиналық Элина Свитолинамен жолығып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 6:4, 6:3. Осылайша Елена 2021 жылы Токио Олимпиадасында қола медаль үшін ойында кеткен есесін қайтарды. Жерлесіміздің кезекті қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі - ресейлік Элина Аванесян және италиялық Ясмине Паолини матчындағы жеңімпазбен кездеседі. Айта кету керек, Елена биылғы Франция ашық чемпионатында әлі бірде бір сетте жеңілмеді. Париждегі байрақты бәсеке 10 маусымға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 53 миллион 500 мың еуроны құрайды.