Константин Малиновский оқ атудан әлем кубогінде финалға шықты
Әлішер бірінші, Ризабек үшінші орында.
Дәл қазір Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен рейтингілік турнир өтіп жатыр. Бұл Париж олимпиадасы алдындағы соңғы ресми жарыс саналады. Байрақты бәсекеге лицензия алған балуандарымыз түгел аттанды. Жарыстың алғашқы күні еркін күрес шеберлері бозкілемге шыққан болатын. Әсіресе 97 келіде қазақстандық Әлішер Ерғали қарсылас шақ келтірмеді. Ол ақтық сында әзірбайжандық Магомедхан Магомедовпен кездесуі керек еді. Қарсыласы жарақатына байланысты финалда белдеспеді. Сәйкесінше Әлішер автоматты түрде чемпион атанды. Тағы бір қазақстандық Ризабек Айтмұхан қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алып, соңғы сында Словакия атынан шығып жүрген ресейлік Батырбек Цакуловты ұтты. Қорытынды есеп: 4:2. Ұлттық құрама қоржынындағы кезекті медальді 125 келіде өнер көрсететін Юсуп Батырмырзаев әкелді. Ол финалда АҚШ балуаны Масон Марк Парристен ғана ұтылды. Осылайша әзірге 1 алтын, 1 күміс және 1 қоламыз бар. Будапешт қаласындағы жарыс 9 маусымға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша спортшылар олимпиада алдындағы рейтингін жоғарылатуға мүмкіндік алады.
Константин Малиновский финалға шықты. Қазақстандық сұрмергендер қазір Германияда өтіп жатқан әлем кубогына қатысуда. Бұл бәсеке де жолдама алып қойған спортшыларымыз үшін Олимпиада алтында шеберлікті шыңдап, тәжірибені арттыратын жақсы мүмкіндік саналады. Қазақстан өкілдері арасынан ең тәуір көрсеткішке әзірге Константин Малиновский ғана қол жеткізді. Ол 50 метрге 3 позициядан винтовкамен атуда 593 ұпай жинап, жалпы есепте 5-орынға тұрақтады. Соның арқсында ақтық сында жүлдеге таласатындар қатарына кірді. Яғни финалға алдыңғы 8 спортшы өтеді. Бұған қоса тапаншамен нысана көздеуде қазақстандық Эльдар Иманқұлов 581 ұпай жинап, 15-сатыға жайғасты. Яғни ақтық сынға өтуге 2 ұпай ғана жепей қалды. Ал Валерий Рахымжан іріктеу кезеңін 28, Никита Чирюкин мен Кирилл Цуканов, сәйкесінше 43 және 87-орындарда аяқтады. Әйелдер арасында ең жақсы көрсеткіш Александра Лиге тиесілі. Ол 50 метрден винтовкамен нысана көздеуде 36-орында. Арина Алтухова 39, ал Елизавета Безрукова 42-сатылардан табылды. Мюнхен қаласындағы байрақты бәсеке 9 маусымға дейін жалғасады.
Ұлттық құрамамыз Азия чемпионатында топ жарды. Алматы қаласында тасжолдағы велоспорттан құрлықтық дода өтіп жатыр. Оған 29 елден 600-ден аса қатысушы жиналды. Жарыстың алғашқы күні аралас командалық эстафета ұйымдастырылды. 40 шақырымдық сайыста Қазақстан құрамасы бірінші орынға тұрақтады. Ел намысын Евгений Федоров, Дмитрий Груздев, Игорь Чжан, Рината Сұлтанова, Махаббат Үмітжанова және Фаина Потапова қорғаған болатын. Олар аталған аралықты 51 минут 8 секундта бағындырды. Екінші орында Өзбекстан құрамасы болса, Гонконгтан келген қыз-жігіттер үздік үштікті түйіндеді. Енді бүгін велоспортттың басқа бағыттары бойынша жарыстар өтеді. Азиия чемпионаты аясында бас-аяғы 29 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Құрлықтық доданың өзі 13 маусымға дейін жалғасады.
Жетес Сүлейменов, ҚР Велоспорт федерациясының бас хатшысы:
- Велоспорттың барлық түрінен Азия біріншілігі өтіп жатыр. Ерлер, әйелдер, жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында және паравелоспорттан өтіп жатыр. Және әуесқойлардан да халықаралық өтпекші.
Елдімізде жаңадан 10 стадион салынады. Бұл жұмыстар алдағы 5 жылдың ішінде атқарылмақ. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев "Литер кз" порталына берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі футбол алаңдарының жағдайы жіті тексеріліп, инфрақұрылымға қатысты сұраныс сарапталды. Оның қорытындысы бойынша аймақтарда Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкес келетін 28 стадион бар. Енді 2029 жылға дейін олардың жалпы санын 42-ге жеткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, қазірдің өзінде Қызылорда қаласында 10 мың адам сыйатын футбол алаңының құрылысы басталды. Бұған қоса 3 облыста жобалық стадиондардың сметалық құжаттары дайындалып, 2 өңірде тіпті арнайы жер учаскелері бөлініп қойылған.