Жамбы атудан Қазақстан чемпионаты басталды
Жетісу облысында жамбы атудан ел чемпионаты басталды.
Жасөспірімдер арасындағы біріншілік республикамызда осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Сайысқа өңірлердегі іріктеу турнирінің жеңімпазы атанған 60-қа жуық спортшы қатысып, бақ сынайды. Жауынгерлік өнерді жанына серік еткен қыз-жігіттер "Азия", "мажар", "түркі" және "жамбы" стилі бойынша үздіктерді анықтайды. Төрт күндік жарыста мергендігімен көзге түскендер ұлттық құрамаға қосылады.
Нұрасыл Мейірұлы, жарысқа қатысушы:
- Көкшетау қаласында өткен чемпионатында түрік нысанасынан бірінші орын, Жамбы нысанасынан үшінші орын және тайтұяқ ұтып алған болатынмын. Бүгінгі жарыстан үздік үштіктен көрінем деген ойдамын.
Бағдәулет Сәбитов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры:
- Бұл жарыста жеңімпаз болған спортшылар спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындайды. Ұлттық құрама сапына ілінеді. Халықаралық жарыстар болып жатқан жағдайда елдің намысын қорғайды.