Нысана көздеу: Ирина Юнусметова Париж Олимпиадасына іріктеуден өтті
Қоржынымыздағы лицензиялар саны тағы біреуге артты. Бұл жолы нысана көздеу шебері Ирина Юнусметова рейтинг бойынша Париж Олимпиадасына қатысатындар тізіміне ілікті, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жөнінде Германияның Мюнхен қаласындағы дүниежүзілік додадан кейін белгілі болды. Ирина Әлем кубогының барлық кезеңіне қатысып, бірнеше мәрте финалға шыққан болатын. Осының арқасында Франциядағы жазғы ойындарға қатысу құрметіне ие болды. Ирина 10 метрдегі нысаныны көздеу бағыты бойынша сынға түседі. Жалпы отандық сұрмергендер Франция астанасындағы айтулы аламанға 6 жолдама ұтып алды. Бұл – өзіндік рекорд. Яғни, жолдама саны жағынан бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелді. Атап айтқанда, Иринадан бөлек, Ислам Сатпаев, Александра Ле, Никита Чирюкин, Арина Алтухова және Константин Малиновский ел намысын қорғайды. Ольга Довгун баптайтын қыз-жігіттер енді елге оралып, олимпиада алдындағы кешенді дайындыққа кіріседі.
Ильфат Абдуллин садақ атудан құрлықтық жарыста жүлдеге ілікті
Садақ атудан Олимпиада лицензиязын алып қойған Ильфат Абдуллин Оңтүстік Кореядағы құрлықтық додада жүлдеге ілікті. Дәл қазір Сувон қаласында сұрмергендер арасындағы Азия кубогы өтіп жатыр. Бұл қазақстандық спортшылар үшін жазғы ойындар алдында шеберлікті шыңдап, тәжірибені арттыруға жақсы мүмкіндік. Міне, осы жарыста Ильфат Абдуллин финалға шығып, ақтық сында жергілікті спортшыға ғана есе жіберді. Бұл жарысқа мықты деген спортшылар түгел жиналды. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен Азия ойындарының чемпиондары бар. «Байрақты бәсеке менің мықты және әлсіз жақтарымды анықтауға көмектесті. Немен жұмыс істеу керектігін тағы да бір ой елегінен өткіздім», деді Ильфат жарыстан кейінгі сұхбатында. Айта кетейік, ол 2021 жылы Токиода өткен Олимпиадаға да қатысып, 1/8 финалға дейін жеткен болатын.
Таеквондошымыз Самирхон Абабакиров халықаралық турнирде топ жарды
Ал, таеквондошымыз Самирхон Абабакиров Люксембургте өткен G-1 санатындағы турнирде топ жарды. Самирхон да Париж Олимпиадасына лицензия алып қойды. Ол бірер ай бұрын Қытайдағы Азия аймақтық іріктеу жарысында сәтті өнер көрсеткен еді. Одан кейін бірқатар жаттығу жиынына қатысқан болатын. Енді араға біраз уақыт салып, қайтадан ресми жарыста бақ сынады. Люксембургтегі халықаралық турнирде ол 63 келіде өнер көрсетті және барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал, Париждегі жазғы ойындарда Самирхон 58 келі салмақ дәрежесінде жарысқа араласады. Жалпы ұлттық құрамада кәріс жекпе-жегі бойынша 2 жолдама бар. Оның бірін осы Самирхон, екіншісін 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Батырхан Төлеуғали жеңіп алды.
Алматыда тасжолдағы велоспорттан Азия чемпионаты жалғасып жатыр
Жарыстың кезекті күні жасөспірімдер арасындағы топтық бәсеке болды. 112 шақырымға созылған сайысқа 19 елден 54 велошабандоз қатысты. Қазақстан құрамасының спортшылары жүлдеге жақындай алған жоқ. Ересектер арасында Индонезиялық Жулиан Аби Ману Азия чемпионы атанса, күміс медалды Тайпей спортшысы ұтып алды. Қола Таиланд өкіліне бұйырды. Жастар арасындағы жарыста Біріккен Араб Әмірліктерінің велоспортшысы Жасим әл-Әли Саиф Абдулла жеңіске жетті. Жалпы жүлде саны бойынша Қазақстан құрамасы топ бастап келеді. Құрлық біріншілігінде біздің спортшылар 5 алтын 2 күміс 3 қола медаль еншіледі. Азия чемпионаты 13-ші маусымда аяқталады.