Қазыбек Нөгербек шахматтан әлем чемпионы атанды
Бүгін футбол жанкүйерлері тағатсызда күтіп жүрген Еуропа чемпионаты басталады, деп хабарлайды 24kz.
Германияда өтетін байрақты бәсекенің алғашқы күні жергілікті жігіттер мен Шотландия құрамасы кездеседі. Матч Мюнхендегі «Альянс Арена» стадионында болады. Аладоп аламаны 14 шілдеге дейін жалғасады. Ал енді отандық спортқа қатысты қандай жаңалықтар бар?
Аслан Қаженов, тілші:
- Қазыбек Нөгербек – әлем чемпионы. Үндістанның Гандинагар қаласында шахматтан 20 жасқа дейінгілер арасындағы дүниежүзілік дода өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен 123 қатысушы жиналды. Оның ішінде 13 гроссмейстер мен 28 халықаралық шеберлер бар. Араларынан қазақстандық Қазыбек Нөгербек суырылып алға шықты. Ол 11 турда 8,5 ұпай жинады. Күміс жүлде армениялық Эмин Оханянға бұйырса, серб гроссмейстері Лука Будисавлевич үздік үштікті түйіндеді. Айта кету керек, Қазақстан шахмат тарихында бұндай жетістікке 3 адам ғана жетті. Ол – Дәрмен Сәдуақасов, Динара Сәдуақасова және Жансая Әбдімәлік. Енді олардың қатарына Қазыбек Нөгербек қосылды. Қазыбек осыдан 2 жыл бұрын Грекияда өткен 18 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында да рапид пен блиц бағыттары бойынша жеңімпаз атанған болатын.
Бақтияр Зайнутдинов басқа командаға ауысуы мүмкін
Қазақстан құрамасының футболшысы былтыр «Бешіктастың» жейдесін киген еді. Түркия клубы сапында жерлесіміз жалпы саны 42 матчқа қатысып, екі доп соқты. Спорт порталдары таратқан ақпаратқа сәйкес, 26 жастағы ойыншы енді өзіне жақсы таныс Ресей премьер-лигасына барады. Қазақстандық футболшыға «Зенит» қызығып отыр. Тіпті Санкт-Петербург командасы «Бешіктаспен» Зайнутдинов бойынша келісімге келген деген де мәлімет бар. Трансфер құны 4,5 млн еуроны құрайды.
Рамазан Оразов Данияға кетті
Ал Рамазан Данияға кетті. Қазақстан құрамасының тағы бір ойыншысы Рамазан Оразов та команда ауыстырды. Биылғы маусымды «Ақтөбеде» бастаған футболшы енді Данияның «Силькеборг» клубында доп тебеді. 26 жастағы жартылай қорғаушы Қазақстан премьер-лигасында 8 матчқа қатысып, екі нәтижелі пасымен көзге түсті. Оразов бұған дейін «Қайрат», «Тобыл» және «Ақсуда» ойнады. Латвияның «Даугавпилс» клубы мен Словенияның «Копер» командасы да Рамазанға жақсы таныс. Енді Дания чемпионатында бағын сынап көреді.
Астанада инклюзивті спорт фестивалінің ашылу салтанаты өтті
Бесінші мәрте ұйымдастырылған жобаға Қазақстанның 23 қаласынан 400-ге тарта жеткіншек қатысты. «Бағдарламаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік ортаға бейімдеу, мүгедек жандарды спорт арқылы оңалту», - дейді жоба авторлары. Қатысушылар жасы мен сырқатына байланысты түрлі топқа бөлініп, бірнеше спорттан сынға түсті. Фестивалдің ерекшелігі жарысқа мүмкіндігі шектеулі жандардан бөлек, басқа жеткіншектер де қатысты. «Бұл балалар арасындағы достық байланысты нығайтады», - дейді жауаптылар.
Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры:
- Бейімдік жүзу бейімдік каратэ, дзюдо, жеңіл атлетико, теннис, бочча, голбол, осындай әртүрлі спорт түрлерінен 23 өңірдің балалары, ерекше балалары бір-бірімен сайысады. Бұл балаларға үлкен нәтиже береді, мотивациялық күш, ата-аналарға біріншіден, мотивациялық күш береді.
Сүмбіл Бектұрғанова, қала тұрғыны:
- Бұл балалардың өзіне сенімділігін арттыру үшін, өзін басқа балалардан кем көрмеу, сахнаға шыққан сайын бала өз-өзіне сене бастайды.
Авторы: Аслан Қаженов