Оралда каратеден халықаралық турнир басталды
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған дәстүрлі жарыс 9-шы рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Турнирге елдің барлық өңірі мен Ресейдің 3 қаласынан және Қырғызстаннан 800-дей спортшы жиналды. Жасөспірімдер, кадеттер және жастар арасында топ жарғандар ұлттық құрама қатарына еніп, Азия және әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндігі зор. Жарыс 3 күнге созылады.
Файзолла Батырғали, турнирге қатысушы:
- Мен Атырау облысынан. Осы жарыста 3 жекпе-жек өткіздім, үшеуін жеңдім, тағы бір жекпе-жегім қалды. Өте мықты деген дәрежелі спортшылар жиналып жатыр. Әрине, жарыс оңай емес. Барлығы үлкен дайындықпен келген.
Шаттық Қажымұқан, каратеден жастар ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Қазақстан чемпионаты бірінші Талдықорғанда өтті. Енді мынау – екінші турнир. Біз балаларды іріктеу жасап жатырмыз. Сосын Астанада халықаралық турнир болады. Сол бізде 3 рейтинг болады, кім көп ұпай жинайды, сол Қазақстан құрама командасына кіреді. Сосын Азия чемпионатына, сосын әлем чемпионатына жарысқа барады.