Елде «Aula Fit» жобасы жалғасып жатыр
Бағдарлама аясында білікті бапкерлер көпшілікті тегін жаттықтырады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұқаралық спорттың дамуына серпін беретін жоба бас қалада басталды. Қатысушылардың жас шамасына шектеу жоқ. Игі бастама 4 жыл бойы бірқатар аймақта өтті. Қазір елорданың 5 ауданы мен 30 ауласында жүзеге асып жатыр.
Жантөре Досмағұлов, жаттықтырушы:
- Дүйсенбіден сенбі күніне дейін 6 күн бойы болады. Бір аулада дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері болса, екінші аулада сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері болады. Ересектерге йога, себебі ол – кісілердің денсаулығына ең қажетті жаттығу түрі. Созылу жаттығулары. Жасөспірім балаларға футбол, волейбол, баскетбол. Қыз балалармен скакалка, яғни еркін спорт түрлері.
Әлия Дүкенбаева, қатысушы:
- Өте тамаша, бізге ұнайды. Адамдардың саны бүгін көбейіп қалыпты. Спортпен айналысу керек. «Дені саудың жаны сау» деген. Біз өзіміздің балаларымызға, немерелерімізге үлгі болайық деп жасымыз келсе де, спортпен айналысып, өмірден қалыспай келе жатырмыз.