Павлодар облысында футбол қайта жанданды

Павлодар облысының Ақсу қаласында ұмыт бола бастаған футбол дәстүрі қайта жанданбақ.

Бүгінгі күні Орталық стадионда жөндеу жұмыстары басталған. Ал көпқабатты үйлердің ауласында шағын футбол алаңдары салынып жатыр. Өз кезегінде Ақсудың футбол командасы байырғы даңқын қайтарып алуға күш салуда. Олар Қазақстан футбол лигасының жоғарғы дивизионына дейін жетті.

Ақсулық жанкүйерлер жарты ғасырдан астам уақыт бойы футбол ойындарын осы ескі трибунада отырып тамашалап келді. Бір кездері Ақсудың «Металлург» футбол командасы бүкілодақтық жарыстарға қатысып, бақ сынаған болатын. Тек әйгілі Павлодардың «Ертіс» клубы жабылғаннан кейін ғана Ақсу футбол клубы алға озды. Жоғары дивизионға шықты. Бірақ туған қаласының қолдауы жетпеген сияқты. Онда ұзақ тұрақтай алмады. Себебі футболшылар алты жыл бойы Павлодарда жаттығып келеді.

Ақсудың Орталық стадионында футболшылардың бірнеше буыны өсті. Дәл осы алаңда «Металлург» командасының құрамында Талғат Байсуфинов пен Виктор Антонов ойнаған. Бірақ қайта жасақталған «Ақсу» футбол клубы жаттығуларын әзірге басқа алаңда өткізіп жүр. Стадион тозып кеткен. Күрделі жөндеуді қажет етеді. 

Андрей Горохов, қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі:
- Біз жөндеу жұмыстарын 50 жыл күттік. Трибуна жаңарады. Бұрын ағаштан жасалған орындықтарды заманауи пластик материалдар алмастырады. Құрметті азаматтар үшін арнайы инфрақұрылыммен вип-трибуна болады. Заман талабына сай келетін бейне фиксациясы бар LED экран орнатылады. Көрермендер тек есеп санын көрумен шектелмейді. Кейбір ерекше сәттерді қайта тамашалайды.

Футболды дамытуда аула клубтарының алар орны бөлек. Көп қабатты үй аулаларында бірнеше шағын футбол алаңының құрылысы басталған. Жуырда ғана зейнетке шыққан Мейрам Қалиев осындай нысандардың біріне жұмысқа тұрыпты.

Мейрам Қалиев, жұмысшы:
- Балалар біздің болашағымыз. Осы істеп жатқан еңбегіміздің бәрі солар үшін. Енді бұдан былай тек Қазақстанның спорты өсе берсін дейміз. Болашақ балаларымыздан тек жақсы-жақсы спортшылар шықсын дейміз.

Санжар Жалелитден, оқушы:
- Біз осы футбол алаңын асыға  күткен едік. Арманымыз орындалатын болды деп қуанып жатырмыз. Ауламызда спортпен айналысатын балалар өте  көп. Біз спортты жақсы көреміз. Футбол ойнаймыз.

«Ақсу» футбол клубы құрылған аз уақытта жастар арасында футболға қызығушылық артқан. Аула клубтарын дамытуға да айтарлықтай көңіл бөліне бастады.

Бейбіт Азамат, Ақсу қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Бізде барлығы 115 аула бар. Олардың  басым бөлігінде футбол алаңдары бар.  Бүгінгі күні аулалардың 90 процентке жуығы футбол алаңдарымен қамтылған.

Биыл  күзде «Ақсу» футбол клубы аты аңызға айналған «Ертіс» командасымен кездеседі. «Ақсу» ФК алғаш рет өз алаңында ойын өткізуге дайындалып жатыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков