Белсенділік биікке жетелейді

Қарағандылық зейнеткер пауэрлифтингтен Азия чемпионы атанды.

Бейбіт Малкенов қаладағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тұрақты мүшесі. Жалпы орталықтағы әр адамның өзіндік дара жолы бар. Олар ұзақ жасаудың сыры - спорт пен жаныңа жақын дүниемен айналысу деп біледі.

Бейбіт Малкенов осыдан он жыл бұрын зейнетке шыққан. 56 жастағы жігіт ағасы ішкі істер саласында қызмет еткен. Жасынан темір көтеруге құмар ол қазір белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жаттығып жүр. Халықаралық, республикалық жарыстарға жиі барады. Жақында Алматыда ардагерлер арасында пауэрлифтингтен өткен Азия біріншілігінде зілтемір көтеруден чемпион атанды. Ал 2019 жылы ол әлем біріншілігінде топ жарған еді. 

Бейбіт Малкенов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Темірмен өмір бойы айналысып жүрмін, бірақ енді жарысқа 2014 жылдан бастап қатысып жүрмін. Жасымызға қарамаймыз. Жас деген ол жай цифр ғой. Адам деген спортпен айналысса жасына қарамайды жүре береді. Сондықтан денсаулық үшін спортпен айналысу керек деп ойлаймын. 

Белсенді өмір сүру орталығында үстел теннисі, гимнастика, би, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері де жұмыс істейді. Мүнда тұрақты түрде 900-ге жуық адам келіп тұрады. Мекеменің қала аумағында 4 филиалы жұмыс істейді. 

Орталыққа жанынан өнерді серік еткен жандар да келе алады. Мұнда бірер жыл бұрын «Сәулем-ай» арадгерлер хоры құрылған. Оның ең үлкен мүшесі жасы 80-нен асқан Оспан ақсақал. Жақында өнер ұжымы облыстық байқауда жеңімпаз атанды.

Оспан Басығарин, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Осында бір құрбылардың шақыруымен келдім. Оған өкініп жатқаным жоқ. Өзім жас кезімде ән айтқам, концерттерге қатысқанмын, сондай өнерді ұнатқан адаммын. Сол мына 80-нен ассам да осында мені сүйрелеп әкеліп жүрген өнерге деген құмарлығым.

Іркен Зейтінқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Қарияларға осылай біздер үйде отырып қалмасын деп, бәріміз кезінде қызмет істеген адамдармыз ғой, сол отырып қалмасын деп осындай үлкен шара ұйымдастырып бергенінен үлкен рахмет. Осы жерде кім қызмет істесін, тәлімгерлер барлығы өте жақсы қарайды. Осында бейне бір тойға келе жатқандай келеміз. 

Технология дамыған, өзгеріске толы өмір үрдісіне ілесу үшін қарттарға үнемі қолдау қажет. Орталықта компьютерді, мобильдік қосымшаларды, тілдерді үйрететін мамандар, психологтар, дәрігерлер де жұмыс істейді.  

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар