Олимпиадаға жолдама саны 80-ге жетті
Жолдама саны 80-ге жетті.
Күн өткен сайын қоржынымыздағы лицензия көлемі артып келеді. Бүгінгі таңда Париж олимпиадасына 70 спортшымыз 80 лицензия жеңіп алды. Кеше ғана Венгриядан жағымды жаңалықтарды жарияладық. Құзға өрмелеуде Әмір Маймұратов, ал брейкинг бағытында Әмір Зәкіров жазғы ойындарға қатысу мүмкіндігіне ие болған еді. Артынша дзюдодан әйелдер арасында Эсмигүл Күйілова да жекелей сында өнер көрсететіні туралы ақпарат шықты. Оған арнайы квота берілді. 63 келіде күресетін Эсмигуль алғаш рет олимпиада ойындарына қатысқалы отыр.
Жалпы жоғарыда айтқан 70 спортшының басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 45-і төртжылдықтың басты додасында тұңғыш рет бақ сынайды. Ең жас спортшы 17 жастағы таэквондошы Батырхан Төлеуғали болса, ал ең жасы үлкен спортшы семсерлесу шебері 37 жастағы Эльмир Әлімжанов екен. Міне, осындай қызықты деректер бар. О баста спортқа жауапты министрлік лицензия санын 80-ге жеткіземіз деген мақсат қойып еді. Соны уақытылы орындады. Ал олимпиаданың өзі тура бір айдан кейін, яғни шілденің 26-сында басталып, тамыздың 11-іне дейін жалғасады.