Еуро-2024: Күтпеген нәтижелер

Грузия Португалияны жеңді. Украина Бельгиямен тең түсті. Германия төрінде футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр.

Күн өткен сайын командалар арасындағы тартыс күшейіп келеді. Тіпті соңғы жарыс күні күтпеген нәтижелерге толы болды.

Еуро-2024: Грузия Португалияны жеңді

Грузия сенсациялық жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шықты.

Германияда футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні күтпеген нәтижелер тіркелді. Әсіресе «F» тобындағы шешуші кездесуде Грузия мен Португалия құрамалары жолыққан еді. Грузиндер 2:0 есебімен жеңді.

Атап айтқанда, Хвича Кварацхелия мен Жорж Микаутадзе мергендігімен көзге түсті. Ал Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы қарқынды қанша күшейткенімен, таблодағы нәтижені өзгерте алмады.

Бұған қоса, ««F» тобындағы қалған 2 команда, яғни Түркия мен Чехия паралель өзара мықтыны анықтады. Бұл кездесуде түріктер 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жеңісті жұлып алды десе де болады. Негізгі ойын уақыты 1:1 есебімен аяқталған. Ал қосымша уақытта, яғни 94-минутта Дженк Тосун мүмкіндігін мүлт жібермей, өз командасын алға шығарды.

Осылайша, «F» тобынан Португалия, Грузия және Түркия плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Еуро-2024: Украина мен Бельгия тең түсті

Ал «Е» тобында Украина мен Бельгия тең түсті.

Бұны да сенсациялық нәтиже деуге болады. Өйткені Бельгия құрамасы айқын фаворит саналды. Матч 0:0 есебімен аяқталды. Десе де, Украина құрамасы плей-оффқа шыға алмады. Келесі кезеңге өту үшін оларға тек қана жеңіс керек еді.

Дәл осы матчқа параллель «Е» тобындағы қалған екі команда, яғни Словакия мен Румыния кездесті. Бұл кездесуде де тең нәтиже тіркелді. Қорытынды есеп: 1:1. Словакия сапынан Ондрей Дуда есеп ашса, румындардан Рэзван Марин қарымта гол соқты. Бір қызығы, бұл топта барлығының ұпайлары бірдей. Ал қосымша көрсеткіштер бойынша Бельгия, Словакия және Румыния плей-оффқа жолдама алды. Тек Украина ғана жарыс жолынан шығып қалды.

Еуро-2024: Плей-оффқа шыққан командалар анықталды

Сонымен плей-оффқа шыққан 16 команда толық анықталды және келесі кездесулер кестесі де шығып үлгерді.

Оның аясында Швейцария Италиямен, Германия Даниямен, Англия Словакиямен, ал Испания жоғарыда айтқан Грузиямен жолығады.

Бұған қоса, кейінгі кезде жиі талқыланып жүрген Франция Бельгиямен, ал ұлттар лигасында бізге қарсылас болған Словения Португалиямен кездседі.

Сонымен қатар Румыния-Нидерланды және Австрия-Түркия жұптары да өзара мықтыны анықтап, енді ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

Плей-офф кездесулері алдағы сенбіде, яғни 29 маусымда басталады.

"Дала қырандары"

Түркістанда қазақ күресінен "Дала қырандары" атты республикалық жарыс ұйымдастырылды.

Оған 10 облыстың балуандары жиналды. Командалық сайыстың жүлде қоры да қомақты. Жарысты өткізудегі мақсат - төл күреске деген жастардың қызығушылығын арттырып, ұлттық спортты ұлықтау, дейді жауаптылар.

Бас жүлдеден үмітті саналған командалар ішінде Түркістан балуандарының аяқ алысы жақсы болған, алайда олар іріктеуде Тараз командасына жол берді.

Финалда Шымкент пен Қызылорда облысының балуандары бас жүлдені сарапқа салды. 7 салмақ дәрежесі бойынша өткен командалық сында Сыр елінен келгендер үздік шығып, 2 млн теңге сыйақыға ие болды. Түркістан мен Жамбыл облысының командалары үшінші орынды өзара бөлісті.

Күзде Түркістанда қазақ күресінен күш атасы Қажымұқан атындағы Әлем кубогы өтеді. 

Халықаралық жарыста топ жарды

Сұрмергендеріміз халықаралық жарыста топ жарды.

Дәл қазір Минск қаласында нысана көздеуден Беларусь ашық чемпионаты өтіп жатыр. Оған 3 елден 180-ге жуық қатысушы жиналды. Оның ішінде ұлттық құраманың үздіктері де бар. Әсіресе олимпиадаға жолдама алған спортшыларымыз үшін бұл дайындықты пысықтап, шеберлікті шыңдауға жақсы мүмкіндік.

Жарыстың алғашқы күні 10 метрден тапаншамен нысана көздеуде аралас жұптық бәсекелер өтіп, қазақстандық Никита Чирюкин мен Ирина Юнусметова ең үздік нәтиже тіркеді.

Бұған қоса, әйелдер арасындағы жекелей сында тағы бір қазақстандық Александра Ле де жеңімпаз атанды. Алдағы күндері қалған жерлестеріміз жарысқа араласады.

Байрақты бәсекеде бас-аяғы 20 спортшымыз бақ сынайды. Оның алтауы жоғарыда айтқандай олимпиада жолдамасын жеңіп алғандар.

Минск қаласындағы халықаралық турнир 29 маусымға дейін жалғасады.

Азия чемпионы атанды

Қазақстандық семсерлесу шеберлері Азия чемпионы атанды.

Құрлықтық дода Кувейт елінде өтіп жатыр. Біздің жігіттер командалық сында өте сәтті өнер көрсетіп, финалда Жапония құрамасымен жолыққан болатын. Венгриялық маман Ференц Тот баптайтын жерлестеріміз ақтық сында 40:34 есебімен жеңіске жетті.

Ел намысын Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігі қорғады. Бұл жігіттер тура бір айдан кейін Париж олимпиадасында да жарыс алаңына шығып, жеңіс жолын жалғастыруға тырысады.

Айта кетейік, Қазақстан биыл жазғы ойындарға қатысатын 8 команданың қатарына кіріп, тарихи нәтиже тіркеді.

Бұған қоса, әйелдер арасындағы сында да бір лицензиямыз бар. Әйгерім Сарыбай қазақ қыздары арасынан алғаш болып олимпиада жолдамасын жеңіп алды. 

Аслан Қаженов, 24.KZ