Түркістанда қазақ күресінен республикалық жарыс ұйымдастырылды

Түркістанда қазақ күресінен «Дала қырандары» атты республикалық жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.

Қала әкімдігінің қолдауымен алғаш рет жастар арасында өткен турнирге 10 облыстың балуандары жиналды. «Командалық сайыстың жүлде қоры да қомақты болды. Жарысты ұйымдастырудағы мақсат –

 төл күреске деген жастардың қызығушылығын арттырып, ұлттық спортты ұлықтау», - дейді жауаптылар. Бас жүлдеден үмітті саналған командалар ішінде Түркістан балуандарының аяқ алысы жақсы болған, алайда олар іріктеу кезеңінде Тараз командасына жол берді. Финалда Шымкент пен Қызылорда облысының балуандары бас жүлдені сарапқа салды. 7 салмақ дәрежесі бойынша өткен командалық сында Сыр елінен келген балуандар үздік шығып, 2 млн теңге сыйақыға ие болды. Ал, Түркістан мен Жамбыл облысының командалары үшінші орынды өзара бөлісті. Енді күзде Түркістанда қазақ күресінен күш атасы Қажымұқан атындағы Әлем кубогы өтеді.