Қазақ қыздарының тарихи жеңісі

Асылбек Жәнібекұлы Азиия чемпионатында жүлдеге ілікті.

Дәл қазір Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен құрлықтық дода өтіп жатыр. Жастар арасындағы жарстың кезекті күні классиктер бәсекесі болып, аса ауыр салмақтағы жерлесіміз Асылбек Жәнібекұлы қола медаль жеңіп алды. Ол ақтық сында жергілікті спортшыны жеңді. Балуандарымыздың жалпы нәтижесі жайында алдағы сағаттарда айтамыз. Ал, енді отандық спортқа қатысты басқа  қандай жаңалықтар бар.

Тарихи жетістік

Қазақ қыздары алғаш рет семсерлесу бойынша Азия чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды.

Байрақты бәсеке Кувейт елінде өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні әйелдер арасындағы командалық сындар өтіп, оған Қазақстан атынан Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастсия Гулик және Жасмин Капыджы төрттігі қатысты. Олар іріктеу кезеңдерінде Гонконг және Оңтүстік Корея спортшыларынан басым түсті.

Айта кету керек, кәрістер 2 дүркін Азия чемпионы. Бұған қоса, Токио олимпиадасында да үштікке кірген. Соған қарамастан біздің қыздар табандылық танытып, жеңісті жұлып алды.

Ал финалда Қытай құрамасына қарсы шығып, Азия чемпионы атағын сапарқа салған. Өкінішке орай, 42:45 нәтижесімен есе жіберді. Осылайша, қазақ қыздары алғаш рет күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұған дейін құрлықтық додада тек қола жеңіп алып жүрдік.

Жалпы Кувейттегі Азия біріншілігінде Қазақстан спортшылары бас-аяғы 4 медаль еншіледі. Осының алдында ерлер арасындағы командалық сында да бір алтын мен бір күміс иеленсек, ерлер арасындағы жекелей сында бір қоламыз бар. 

Еске сала кетейік, Бұл қыз-жігіттер тура бір айдан кейін Париж олимпиадасында да жарыс алаңына шығады және жеңіс жолын жалғастыруға тырысады. Қазақстан құрамасында семсерлесу бойынша 5 лицензия бар.

10 елдің үздіктері Алматыда бас қосады

Тура бір аптадан кейін бұнда дзюдодан Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогы өтеді.

Оған жергілікті спортшылардан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Моңғолия және Шри-Ланка балуандары арнайы келеді. Бұған қоса, Германия, Молдова, АҚШ құрамалары да жарысқа қатысуға тілек білдірді.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы бәсеке Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген және рейтингілік жарыс болып есептеледі. Яғни, бірінші орынға 100 ұпай, екніші және үшінші орынға, сәйкесінше, 60 және 40 ұпайдан беріледі. Осы арқылы жапон жекпе-жегінің шеберлері әлемдік тізімдегі жағдайын жақсарта алады.

Айта кетейік, танымал спорт функционері Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогі осымен 7-мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарыстың өзі 4-7 шілде аралығында болады.

Ерекше бастама қолға алынды

Таңғы жаттығудан кейін тазалыққа да атсалысады.

Астанадағы AULAFIT жобасының қатысушылары ерекше бастаманы қолға алды. Түсіндіре кетейін, аталмыш жоба жергілікті әкімдіктің қолдауымен бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Оның аясында қала тұрғындар алысқа бармай-ақ өз ауласында не жақын жердегі паркте білікті бапкерлерден шеберлік сағатын алып, дене шынықтырумен айналысады.

Бүгінгі таңда оның 3 мыңнан аса тұрақты қатысушысы бар. Міне, осы әуесқой спортшылар енді күнделікті жаттығудан кейін өздері өмір сүретінн аумақты тазалап, елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан»  экологиялық акциясына қолдау танытпақ. Алдағы уақытта осы игі істі елдорданың басқа тұрғыдары және басқа қалалардағы азаматтар да негізге алып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосады деп үміттенеді жоба авторлары.

Орталық стадион жөндеуге жабылуы мүмкін

Алматыдағы стадион да жөндеуге жабылуы мүмкін.

Бұл жөнінде Meta-ratings.kz. порталы хабарлайды. Ондағы ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласындағы Орталық стадионды қайта жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар 2025 жылы басталады. Соңғы рет бұндай жөндеу 2016 жылы ғана жүргізілген.

Айта кетейік, дәл осы жасыл алаңда алдағы уқаытта Қазақстан құрамасының Ұлттар Лигасы аясындағы мачтары өтеді. Өйткені, Астанадағы негізгі стадион да жөндеуге жабылды.

Еске сала кетейік, Қазақстан биыл Ұлтар лигасының «В» санатында өнер көрсетеді. Оның аясында Австрия, Словения және Норвегия құрамаларымен жолығуы қажет. Яғни, 6 қыркүйекте өз алаңымызда Норвегия құрамасын қабылдаймыз. 13 қазанда тағы да өз алаңымызда Словенияға, ал 14 қарашада Австрияға қарсы матчтар күтіп тұр.

Аслан Қаженов, 24.KZ