Ақтөбеде кеме үлгілеу спортынан ел біріншілігі басталды

Ақтөбеде кеме үлгілеу спортынан оқушылар арасында ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстанның барлық өңірімен бірге Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан елінен де спортшылар қатысып жатыр. Байрақты бәсеке аясында халықаралық Достастық кубогінің іріктеу кезеңі де өтеді. Жеткіншектер қайық пен желкенді кемелердің жүрдегін анықтап, су көлігі үлгілерін құрастыру шеберлігінен де бақ сынайды.

Түркістан облысынан келген Элярбек Тулапбеков қолы қалт еткенде қайық үлгілерін құрастырады. Кеме үлгілеу спортымен шұғылданғанына 2 жылға таяған. Халықаралық байқаулардың екі дүркін жеңімпазы атанды. Жеткіншек желкенді кемелерді ұнатады.

Элярбек Тулапбеков, оқушы:

- Қазір оның парустарын жинап жатырмын. Яхта ол арқасында мотор болмайды да, желкен желді аулайды да, сол итеріліс күшімен жылжиды. Сол үшін маған ұнайды.

Сазды өзенінің жағасында бас қосқан жас спортшыларға күннің құбылуы да кедергі болмады. «Сіркіреген жаңбыр кемелердің жүзгішін тез тануға мүмкіндік береді», - дейді. Үміткерлер тартысты бәсекеде топ жару үшін бірнеше талап бойынша жүзден жүйрік шығуы тиіс.

Нұрмахан Ахметов, кеме үлгілеу үйірмесінің жетекшісі:

- Көрмелік бағалау өтеді. Ол кемені қаншалықты жасады, қалай жасады, қанша көркемдігі бар, сәйкестігі бар сызбамен. Ол да ұпай саны жазылады төрешілермен. Одан кейін бұл бірінші кезеңі. Екінші кезеңі бұл жүру кезеңі. Суда жүріп, әрі қарай ұпай санын жинау. Мәнерлеп жүру. Жүріп шыққаннан кейін тұрақтау бағалауы болады. Швартовка дейді оны. Кемелерді портқа тұрақтаған сияқты.

Кеме үлгілеу спортының түпнұсқа, жылдам қайықтар және көрмелік бағалау байқаулары бойынша күш сынасуға 150-ге жуық жеткіншек жиналған. Су көлігінің 18 түрі бар. Оқушылар арасындағы гимназиада және Қазақстан чемпионаты жеңімпаздары мен Достастық кубогінің иегерлері анықталатын болады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов