Жезқазғанда 6000 оқушы спорт үйірмелеріне қатысады

Жазғы демалыста Жезқазғанда 6 мыңға жуық бала спортпен шұғылданып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Мамандандырылған 2 мектеп пен 7 спорт клубында спорттың 32 түрі бойынша үйірме бар. Әлеуметтік тапсырыс негізінде секциялардың барлығы 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Биыл бұқаралық, ұлттық, жауынгерлік және үстел спорт түрлері бойынша тегін үйірмелер ұйымдастыруға 84 млн теңге қаржы бөлінді. Түрлі қиындықтарға байланысты жабылып қалған спорт секцияларының жұмысы қайта жалғасты. Солардың бірі – классикалық садақ ату үйірмесі. 1 жыл бойы далада жаттыққан бүлдіршіндерге қала орталығынан ғимарат берілді.

Мейірімхан Ералиев, садақ ату үйірмесінің жетекшісі:

- Ғимараттар негізі жабық залдарда 18-20 метрден кем болмауы керек. Ал былай 35-40, 90-ға дейін. Лука дрон болса, тіпті жақсы. Бізде классикалық емес, дәстүрлі садақ ату да бар. Бәрімізге сондай қашықтық керек. Жоқтан жақсы, шүкір.

Үйірмеге 40-қа жуық оқушы қатысады. Көбі мұнда денсаулығын түзеу үшін келеді. Садақ ату спортының омыртқаны түзеуге, буын және көз ауруларын емдеуге көмегі бар. Сондықтан мұнда келетін ересектердің де қатары артып келеді.

Қайрат Сапиянов, қала тұрғыны:

- Жауырынға пайдалы. Тартқанда демге пайдалы. Сосын буындар, аяқта қалай тұру керек. Қалай ату керек, қалай көздеу керек нысананы. Денсаулығым жаман емес енді. Жұмыс арасында осында келіп қатысып жүрмін.

Спорт үйірмелері жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Жазғы каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі сайыстар өтеді. Жалпы Жезқазған қаласы бойынша 6 мыңға жуық оқушы спорт үйірмесіне қатысады.

Жаңабай Оразалин, спорт бөлімінің әдіскері:

- Спорт мектептерінен басқа, клубтар бар ғой бізде, сол клубтарда 4 мыңға тарта бала дайындала алады. Жазда жаттықтырушылар демалысқа кеткен кезде толық кетіп қалмайды, оның ішінде қалатын тренерлер де болады. Жаз айларында спорт клубтарының көбі жұмыс істейді.

Биыл облыс орталығында спортты дамытуға 230 млн теңге бөлінді. Бұл қаржының бір бөлігі әлеуметтік тапсырысқа, қалғаны түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға жұмсалады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов