Сорокина чемпион атанды
Александр Бублик үшінші айналымға шықты. Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәселерінің бірі Уимблдон турнирі жалғасып жатыр.
Жарыстың кезекті күні қазақстандық Александр Бублик франциялық Артур Казомен кездесіп, айқын басымдықпен жеңді. Ал оның келесі қарсыласы әзірге белгісіз.
Ангелина Сорокина чемпион атанды
Ресейдің Якутск қаласында «Азия балалары» ойындары жалғасып жатыр.
Осымен 8-мәрте ұйымдастырылған халықаралық жарысқа еліміз атынан үлкен делегация аттанды және бүгінге дейін ұлттық құрама өкілдері 78 рет жеңіс тұғырына көтеріліп үлгерді. Әсіресе, жарыстың кезекті күні сұрмергендеріміз сәтті өнер көрсетті.
Атап айтқанда, стенд атудың скит бағытында қазақстандық Ангелина Сорокина ең үздік нәтиже тіркеді. Ол іріктеу сынында 95 ұпай жинаса, финалдық сында 20 ұпай еншіледі. Осының арқасында алтын жүлдеге қол созып, Ресей төрінде еліміздің әнұранын шырқатты. Ал ұлдар арасындағы бәсекеде ұлттық құрама өкілі Маэль Титкин жалпы есепте 4-орынға тұрақтады.
Ангелина Сорокина, "Азия балалары" ойындарының жеңімпазы:
- Жарыс басталмай тұрып қатты қобалжыдым. Өйткені, бірінші рет халықаралық деңгейдегі бәсекеге қатысып тұрмын. Десе де, жеңіс үшін барымды салдым. Жалпы "Азия балалары" ойындары ұнап жатыр. Өйткені, бұнда басқа елдің спортшыларымен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар.
Сұрмергендеріміз жүлдеге ілікті
Винетовкамен нысана көздеуде де ұлттық құрама өкілдері сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Әсіресе, қыздар арасында Софья Малкинаның көрсеткішін ерекше атап өтуге болады. Шымкенттік спортшы 10 метрден нысана көздеуде 246,5 ұпай жинап, жалпы есепте 2-ші орынға тұрақтады. Осылайша Софья қоржынымызға 20-шы күмісті салып отыр. Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар 78 медаль жеңіп алды. Оның 15-і алтын. 20-сы жоғарыда айтқандай күміс, ал, 43-ші қола. Осының арқасында жалпыкомандалық есепте әзірге 7-сатыда тұрмыз.
Якутск қаласындағы халықаралық жарыс 7 шілдеге дейін жалғасады.
Софья Малкина, "Азия балалары" ойындарының жүлдегері:
- Барлығы ойдағыдай өтті. Негізі бірінші орын алғым келген. Соңына қарай қателіктер жібердім. Десе де, келесіде соның барлығын ескеріп, қайталамауға тырысамын. Ресейде өтіп жатқан халықаралық жарыс тәжірибені толыстырып, шеберлікті шыңдауға жақсы мүмкіндік.
Ерекше форматтағы жаттығу жиыны
Жетісу облысындағы тау бөктерінде киокушин шеберлері бас қосып, кешенді дайындыққа кірісті.
Бас-аяғы 100-ге жуық өрен білікті бапкерлердің көмегімен шеберлік шыңдап жатыр. Атап атйқанда, ресейлік қара белбеу 6-шы дан иегері Сергей Солдатов пен ІІІ дан иегері Александр Смирнов және өзбекстандық білікті маман Сардорбек Негматуллаевтар бұнда арнайы келді.
Аталған әзірлік, әсіресе, алдағы халықаралық және құрлықтық додадар үшін аса маңызды саналады. Мәселен, ұлттық құрамамыз тамыз айында Қырғызстанда өтетін Азия біріншілігіне, ал қараша айында Жапония өтетін ашық чемпионатқа қатысады. Бұған қоса, айтулы басқосу аясында жергілікті бапкерлер де арнайы семинарларға қатысып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады.
Сергей Солдатов, каратэден VI дан иегері:
- Халықаралық жаттығу жиынының басты мақсаты өзара тәжірибе алмасып, каратэнің дамуын жаңа деңгейге көтеру. Осы тұрғыда қазақстандық мамандар мен спортшылардың еңбегін ерекше атап өту керек. Олар барлық жарысқа белсенді қатысып, өте жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Бұған қоса, осындай дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөледі.
Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты
Ел үздіктері елордаға жиналды. Бұнда футболдан 13 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.
Бұл – мамандандырылған спорттық мектеп шәкірттерінің ресми ішкі біріншілігі. Яғни, дәл осы жас деңгейіндегі өрендер үшін жылдың басты бәсекесі саналады. Биылғы аладоп аламанына барлық аймақтан 16 команда қатысып жатыр. Олар 4 топқа бөлінген.
Алғашқы тур қорытындысы бойынша жергілікті команда топ бастап келеді. Олар көкшетаулық құраманы 6:0 есебімен жеңді. Басты фавориттер қатарына Ақтөбе мен Қонаевтан келген командаларды да қосуға болады.
Айта кету керек, жарыс кәсіпқой футбол форматына өтуде. Яғни, жасыл алаңға 11 ойыншы шығады. Топтық кезеңнен кейін плей-офф болады. Астана қаласының әкімдігі және осындағы №8 спорт мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарыс 10-шы шілдеге дейін жалғасады. Яғни, финалдық кездесулер осы күнге жоспарланған.
Аслан Қаженов, 24.KZ