Жас садақшылар сайысқа түсті
Өскеменде дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды.
Мергендер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге тарта спортшы келген. Байрақты бәсекеде 7-ден 17 жасқа дейінгі садақшылар арасында үздіктер іріктеледі.
Дәстүрлі садақ ату спорты соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Ерекше ептілікті қажет ететін өнерді игерсем деген өрендердің қатары көп. Өскемендегі республика чемпионатына 16 облыстан спортшылар келді.
Диас Ахметов, ҚР Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті:
- 300-ге жуық садақшы. Яғни 7 жастан бастап 18-ге дейінгі кішкентай балалар. Ұлттық киімде, бір алаңда бүгін сайысып, ұлттық спорттың рекордын жаңартып отыр. Жалпы біздің ұлттық спортта 300 бала жиналғаны болмаған.
Шығыс Қазақстанда мұндай ауқымды шара алғаш рет өтіп отыр. Себебі өңірде дәстүрлі садақ ату спортын дамыту 2 жыл бұрын ғана қолға алынды. Дегенмен спортшылардың жетістігі көңіл қуантады. Сан додада олжа салып жүрген садақшылардың бірі – Ажар Төлеуқанова. Ол облыстық садақ ату спорты федерациясының президенті әрі бас бапкер. Шығыс өңірден қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға жолдама ұтып алған жалғыз спортшы.
Ажар Төлеуқанова, Дәстүрлі садақ атудан облыстық федерация президенті:
- Өзіміздің елде өткеннен кейін міндетті түрде жеңу – ең бірінші мақсат. Әрине көшпенділерге өту мақсатым – сол көшпенділерді жеңу ғой. Бұл бүкіл қазақ елінің, тек қана шығыстың емес бүкіл қазақ елі артымызда тұр. Барымызды салып, орын алуға тырысамыз.
Ел чемпионатына осал спортшы бармайтыны түсінікті. Жас та болса шыңдалған садақшылар үздік нәтиже көрсетуге тырысып бағуда. Атыраулық бүлдіршін Мелиса Өзкерім 7 мен 9 жас аралығындағы спортшылар арасында барлық қарсыласынан басым түсті.
Мелиса Өзкерім, Садақ ату спортынан Қазақстан чемпионы:
- Атырау қаласынан келдім. Үздік нәтиже көрсеттім. Бірінші орын аламын деп ойлаймын. Мен садақ атумен жарты жылдан бері шұғылданамын. Спорттың бұл түрі маған қатты ұнайды.
Байрақты бәсекеде 7 жастан 17 жасқа дейінгі спортшылар бақ сынауда. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлініп сайысады. Жарыс 7 шілдеге дейін жалғасады.
Елдос Кәкенов, Әнел Есенбердина, Дмитрий Пыхтин, 24.KZ, Өскемен