«Азия балалары». Қоржынымызда 17 алтын, 27 күміс, 48 қола бар

Париж олимиадасына 5 теннисшіміз қатысады. Бұл спорт түрінде лицензия әлемдік рейтинг бойынша беріледі.

Нәтижесінде Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко жазғы ойындарға қатысуға мүмкіндік алды. Ал жұптық сында тағы бір қазақстандық Александр Недовесов өнер көрсетеді. Қазір олар әлемдік аламандарға қатысып, олимпиада алдындағы дайындықты пысқытап жатыр.

Рыбакина үшінші айналымға шықты

Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі Уимблдон турнирі жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні әлемдік рейтингте 4-тұрған қазақстандық Елена Рыбакина мен 72-тұрған германиялық Лаура Зигемунд кездесті. Аталған көрсеткіштеріне қарамастан мачт аса тартысты өтті. Тіпті, Елена есе жібере ме деген қауіп те болды. Қорытынды есеп: 6:3, 3:6 және 6:3. Кездесудің өзі 2 сағат 14 минутқа созылды.

Қалай болғанда да, Рыбакина келесі кезеңге өтті. Ал кезекті қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі – даниялық Каролин Возняцки мен канадалық Лейла Фернандес мачтындағы жеңімпазбен жолығады.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева да үшінші айналымға шықты. Ол екінші кездесуінде чехиялық Катерина Синяковадан басым түсті.

Ерлер арасында қазақстандық Александр Бублик те сәтті өнер көрсетіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ол да үшінші айналымға шықты. Лондон қаласындағы турнир 14 шілдеге дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры рекордттық деңгейге өсті. Яғни, 63 миллион доллар.

Сұрмергендеріміз жүлдеге ілікті

Сорокина мен Титкин күміс жүлдегер атанды. Ресейдің Якутск қаласында «Азия балалары» ойындары жалғасып жатыр.

Осымен 8-мәрте ұйымдастырылған халықаралық жарысқа еліміз атынан үлкен делегация аттанды және бүгінге дейін ұлттық құрама өкілдері 96 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп үлгерді. Әсіресе, жарыстың кезекті күні сұрмергендеріміз сәтті өнер көрсетті.

Атап айтқанда, стенд атудың скит/микс бағытында, яғни, аралас жұптық бағытында қазақстандық Ангелина Сорокина мен Маэль Титкин екінші орынға тұрақтады. Бірінші және үшінші орынға Саха республикасының қыз-жігіттері ие болды.

Айта кету керек, бұл стенд ату спортындағы 2-жүлдеміз. Оның алдында жоғарыда сөз болған Ангелина Сорокина жекелей сында алтын жеңіп алған болатын.

Қоржынымыдағы жүлделер саны тағы да арта түсуі мүмкін. Нысана көздеудің дәл осы түрінде 8 спортшымыз бағын сынайды.

Якутск қаласындағы халықаралық жарыс 7 шілдеге дейін жалғасады.

Халықаралық жарыста топ жарды

Шахматшыларымыз да жақсы өнер көрсетіп, 1 алтын және 2 күміс жеңіп алды.

«Азия балалары» ойындарының соңғы күндері зияткерлік бағытта да медальдар жиынтығы сарапқа салына бастады. Қазақстандық спортшылар арасынан Алан Петухов ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Тағы бір жерлесіміз Даниал Сапенов күміс жүлдеге ие болды.

Ал қыздар арасындағы бәсекеде Айару Алтынбек те күміске қол жеткізді. Айта кету керек, жарыс қорытындысы бойынша оның ұпайы мәскеулік Диана Хафизовамен бірдей болған. Бірақ, қосымша көрсеткіштер бойынша Айару алға шықты. Осылайша ол ұлттық құрама қоржынына кезекті медальді салды. Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар 17 алтын, 27 күміс және 48 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте 7-орынға жайғасты.

Ерекше форматтағы марафон

Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы елді мекенінде әуесқой және кәсіпқой спортшылар арасында жүгіру жарыс ұйымдастырылмақ.

Ерекшелігі сол оның жолы әлдеттегідей асфальт арқылы емес, тау мен тасты, орман мен тоғайды кесіп өтеді. Әсіресе, аты аңызға айналған Шайтанкөлдің жанынан жүгіріп өтетін мүмкіндік жасалған.

Жоба авторы Думан Бейсенеевтің айтуынша, осындай үлгідегі марафондар аймақтың туристік әлеуетін арттырып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосады. Жарыс бағдарламасы бойынша, жасөспірімдер 10 шақырымға, ал ересектер 21 шақырымға жүгіруі керек. Машрут, жоғарыда айтқандай, толықтай жабайы табиғат аясында, яғни, Қарқаралы ұлттық паркі арқылы жүргізілген. Жеңіске жеткен спортшыларға бағалы сыйлықтар табысталады.

Айта кету керек, Думан былтыр да дәл осындай үлгідегі марафон ұйымдастырды. Яғни, биыл екінші рет өткізілгелі отыр. Сәйкесінше, қатысушылар саны да салыстырмалы түрде көп болады деген болжам бар. «Бұғылы трэйл марафон» деп аталатын жарыстың өзі 21 шілде күні болады.

Аслан Қаженов, 24.KZ