Абай облысында 9 миллион теңгеге салынған футбол алаңы халықтың сынына ұшырады

Абай облысындағы Долон ауылының тұрғындары 9 миллион теңгеге салынған футбол алаңының сапасына шағымдануда.

Жергілікті жұртшылық былтыр қолданысқа берілген нысан сапасыз материалдан салынғанын айтты. Мердігер болса бәрін талапқа сай жасадық деп сендіріп әлек.

Долон ауылындағы халық футбол алаңының салынуын асыға күткендерін айтады. Нысанның құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген соң тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылған. Өйткені алғашқы ойындардан кейін алаңның тоз-тозы шыққан.

Ринат Жұманбаев, Долон ауылының тұрғыны:

- Газонның үстіне резеңке үгіндісі салынуы керек еді, бірақ ол жоқ. Балалар жүгіргенде тайып құлай береді. Қоршаулар әлсіз орнатылған, доп тисе құлайын деп тұр. Боялған белгілердің бәрі ашылып түсіп жатыр. 

Алаңның құрылысы жүріп жатқан кезде бұл жер түгелдей жарықтандырылатыны айтылған. Бірақ электр сымдары дұрыс орнатылмаған, қазір жарық шамдары жанбай тұр. 

Рүстем Қайратұлы, тілші: 

- Футбол алаңының жанындағы электр қуатын есептегіш құрал осыған дейін қоршаудың үстінде тұрған. Тұрғындардың шағымынан кейін оны осылай орнатқан екен. Дегенмен ата-аналар электр сымдары қауіпсіздік талаптарына сай емес, қалай болса, солай, ашық-шашық тұр. Бұл балаларымызға қауіп төндіреді деп алаңдап отыр. 

Вера Куликова, ауылдық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Ашық тұрған сымдар балаларымызға қауіп төндіреді. Электр желілері бүкіл қоршаудың үстінен тартылған. Абайсызда балалардың қолы тиіп кетсе,жазатайым жағдай орын алуы мүмкін. Біз сол үшін алаңдаймыз.

Футбол алаңын салуға бюджеттен шамамен 9 млн теңге жұмсалған. Жергілікті әкімдік өкілдері алғашында ешқандай кемшілік байқалмағанын айтуда. Тұрғындардың шағымынан кейін мердігер ұйымға ескерту бердік, дейді. 

Талғат Құмаров, Долон ауылдық округінің әкімі:

- Мен оған хат жаздым, келді. Мерзімдік міндеттемеңізді бітірмей тұрып жасаңыз дедім. Халықтың наразылығы көп екенін айттым. Жабындыларды ауыстыру керек, есігі сынған деп айтып жатыр. Кеше келіп қарады, жақын арада жасаймын деді.Болмаса сотқа жүгіну қалды. 

Болат Құрманғалиев, мердігер ұйым өкілі:

- Біз барлық жұмысты сметалық құжаттамаға сәйкес орындадық. Тапсырыс беруші бәрін қабылдап алды. Ауылға барғанда қоршаулардың сынып жатқанын көрдік. Есік те істен шыққан дейді. Барлығын кепілдік мерзімі аяқталмай тұрып, тамыздың соңына дейін жасап береміз. 

Ауыл тұрғындары балалар ойын алаңының сапасына да көңілдері толмайды. Бір жыл бұрын салынған нысанда біраз дүние сынып үлгерген. Тұрғындар бәрін өз күштерімен қайта жаңартқандарын айтып отыр. 

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов