V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үш бағытта өтеді

Түркі елдерінің Олимпиадасы саналатын көшпенділер ойынына дайындық қалай? Жеңімпаздарға берілетін жүлде қоры белгілі болды, деп хабарлайды 24kz.

Сыйақының жалпы сомасы 253 млн теңгені құрайды. Әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалмақшы. Яғни көкпар мен көк бөріден жеңімпаз команда 10 млн теңгені еншісіне байлайды. Ал аламан бәйге жеңімпазы 5 млн теңгеге ие болады.

Әлішер Әли, тілші:

- Иә, әлем көз тіккен көшпенділер ойындарының басталуына тура 2 ай қалды. Аз уақыт емес. Елдегі түрлі жарыстардың нәтижесінде спортшылар жасақталды. Тұлпарлар да іріктелді. Қазір дайындық үстінде. Осыған орай жыл басынан бері 35 оқу жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Оның жартысынан көбі аяқталды. Сондай-ақ олардың денсаулығына тұрақты тексеру жүргізіледі. Яғни спортшылар мен жылқылардың ағзасы тексеріліп, қандай дәрумендер қабылдау керектігі анықталады. Олардың жүрек және ішкі органдарының биоритмі қаралып, тамақтары да соған сай беріледі.

Бақытжан Есжанов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кешенді ғылыми тобының үйлестірушісі:

- Спортшылар мен спорттық жылқыларды сапалы даярлау үшін екі кешенді ғылыми топ құрылды. Бірінші топ тікелей спортшылармен айналысады – олардың функционалдық жағдайы, жалпы дене шынықтыру дайындығы тексеріледі, психодиагностика жүргізіледі, содан кейін барып жалпы жай-күйінің қорытындысы жасалады. Егер денсаулығында қандай да бір өзгерістер болса, психодиагностика және спорттық медицина бойынша ем-шара жасаймыз. Басты мақсат – спортшыларымыз күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жоғары деңгейде дайындалуы үшін олардың денсаулығын тексеру.

Күзге салым өтетін дүбірлі додаға шетелдерден 2,5 мыңнан аса спортшы келеді деп жоспарланған. Оларды 32 қонақүй мен 7 спорттық нысан қабылдайды.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Бірінші «Қазанат» ипподромы, сонымен қатар «Астана Аренада» ашылу салтанаты өтеді. «Алау» мұз айдыны, Ж.Үшкемпіров сарайы және «Думан» қонақүйі.

Қазір айтулы шараға 89 мемлекет қатысатынын ресми растады. Ұлы дала дүбірі 3 бағыт бойынша жүреді. Бірінші кезекте этноспорт дәріптелсе, мәдениет кезеңінде салт-дәстүріміз көрсетіледі. Ал көшпенділер руханияты жайлы ғылыми конференцияда айтылады.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Ғылыми-практикалық конференция үш бөлімнен тұрады. Ол бірінші мәдениет, екіншісі спорт, үшіншісі тарих. Қазіргі уақытта 11 елден қатысушылар қызығушылық білдіріп жатыр. Ұлыбританияның, Мажарстанның спикерлері өздерінің баяндамаларын беріп жатыр. Сондықтан ол жақта жаңағы айтқан мәселелерді қарастыру үшін бізде тек ойындар ғана болмайды. Онда ұлттық спорт түрлерін қалай дамытуға болатынын, бағыттарын талқылаймыз.

Көшпенділер ойындарын насихаттауға шетелдік тілшілер де көз тігіп отыр. Аккредиттеудің бірінші күнінің өзінде 200-ге жуық БАҚ өкілі өтінім қалдырған.

Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:

- Шетелден 500-ден аса журналистер келеді деп ойлаймыз. Отандық журналистеріміз, сонымен 2000-ға жуық БАҚ өкілі келеді деп ойлаймыз. Келген журналистерге, әрине, пресс-турлар өткізіледі. Ақпараттар таратылады. Аккредиттеуді тамыз айының соңына дейін жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жерде айта кететін жайт, журналистердің өтінімі көп болса, ерте тоқтатуымыз мүмкін.

Спорттық және мәдени шараларды тамашалауға 100 мыңнан аса көрермен келеді деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі этникалық туризмді дамытуға серпін берері сөзсіз.

Авторы: Әлішер Әли