Түркия көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын мемлекеттердің арасында Түркия бар, деп хабарлайды 24kz.

Бауырлас ел спортшылары қазір дүбірлі додаға қызу дайындалып жатыр.

Айта кетейік, биылғы көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен сайыс өтеді. Оның ішінде қазақтың 11 түрлі ұлттық ойыны бар. Түркі елінің дүбірлі додаға дайындығын осы елдегі тілшіміз Меруерт Қанағат көріп қайтты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдердің назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді. Мәселен, Қырғызстанда 2014 жылы өткен жарысқа 583 спортшы қатысса, 2016 жылы 1200, 2018 жылы 2000 спортшы бақ сынасқан. 2022 жылы Түркияның Бурса провинциясында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 102 елден 3000 спортшы қатысты. Ал биыл елімізде өтетін халықаралық додаға 90-ға жуық елден спортшылар келеді. Олардың ішінде Түркия 9 спорт түрі бойынша қатысуға өтініш білдірген. Олар көкпар, аударыспақ, жамбы ату, ордо, мас-рестлинг, мангала, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік. Жалпы осы спорт түрлерінен 54 ойыншы қатысқалы отыр. Бірақ ойындарға 15 шілдеге дейін өтінім беру мерзімінің жалғасатынын ескерсек, бұл сан әбден өзгеруі мүмкін. Жалпы Түркия елі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының серіктесі. Орталығы Ыстанбұлда орналасқан Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басшыларымен тілдескен едік. Назарларыңызға ұсынамын.

Абдухади Турус, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басқарма мүшесі:

- Қазақстан – біздің тамырлас еліміз. Біздің тіліміз, тарихымыз және мәдениетіміз ортақ. Оның ішінде салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ерекше айтып өтуге болады. Соның дәлелі ретінде Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясымен Астанада өтетін шараға атсалысамыз. Біз 2022 жылғы тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісіп жатырмыз. Қазақстандық әріптестерімізбен жиі бас қосып, дайындықтың барысын пысықтап келеміз. Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін.

Осман Башер, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басқарма мүшесі:

- Әлемді қазір мәдениеті мықтылар басқарады. Әсіресе жастарымыздың өз салт-дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңіріп тәрбиеленуі үшін осындай іс-шаралардың маңызы зор. Мұнда қатысушылар спорттық ойындарды тамашалап қана қоймай, бір-бірін жақын танып біледі. Көшпелі мәдениеттің бір бөлігі екенін сезінеді. Мақсатымыз осы мұраларымызды сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету. Осы орайда Қазақстан өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шығатынына сенімім мол.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркиядағы екі бірдей халықаралық ұйым – Түркі мемлекеттері ұйымы мен ТҮРКСОЙ ұйымы да көшпенділер ойындарына арнайы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, ТҮРКСОЙ көрме ашып, сахналық қойылымдарды жасаса, Түркі мемлекеттер ұйымы өзіне мүше мемлекеттерді қатысуы үшін түрлі шаралар өткізіп жатыр.