Париж олимпиадасы. 80 спортшыға 92 жолдама

Ұлттық құрама қоржынында 92 жолдама бар. Бірер аптадан кейін Парижде жылдың басты бәсекесі – Олимпиада ойындары басталады.

Қазір лицензия иемденген спортшының толық тізімі белгілі болды. Ең соңғы болып жеңіл атлетика өкілдері жолдамаға қол жеткізді. Бұл бағытта ел намысын 7 спортшы қорғайды. Яғни марафоншы Жанна Мамажанова мен желаяқ Нора Джеруто іріктеу нормативін орындады. Ал қалған атлеттер, яғни Давид Ефремов, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеев, Ольга Сафронова және Дэйзи Джемпекей олимпиадаға рейтинг арқылы өтті.

ЕУРО-2024: Испания финалға шықты

Германияда футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр.

Жартылай финалда жанкүйерлер тағатсыздана күткен матч өтті. Мюнхендегі «Алянс-Аренада» Испания мен Франция құрамалары жолықты. Есепті француздар ашты. 9-минутта Коло Муани мергендігімен көзге түскен. Испания бірінші тайм соңына дейін есепті теңестіріп, тіпті алға шығып үлгерді. 21-минутта Ламин Ямаль, ал 25-минутта Даниэль Ольмо гол соқты. Қорытынды есеп: 2:1.

Испания 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалына шыққан алғашқы команда атанды. Ал матчтың ең үздік ойыншысы атағы 16 жастағы Ламин Ямалға бұйырды. Бүгін түнде екінші жартылай финалдық ойында Англия мен Нидерланд құрамалары өзара кім мықтыны анықтайды. Финал 14 шілдеде өтеді. 

Абылайхан Жүсіпов әуесқой боксқа оралды

Ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Абылайхан Жүсіпов күтпеген мәлімдеме жасады.

Олимпиада ойындарынан кейін екі жыл бойы кәсіпқой бокста тәжірибе жинадым. Енді туған жерім Қарағандының өсіп келе жатқан боксшыларына үлгі болып, алға ұмтылуға шақырғым келеді. Осы тұрғыда аталған аймақтан әлі де олимпиаданың небір қатысушылары мен чемпиондары шығарына сенімдімін. Ал өзім жайында айтар болсам, қарсыластар, дайындалыңдар, мен өзімді көрсетуге келдім, – деді Абылайхан әлеуметтік желіге қалдырған жазбасында.

Айта кетейік, ол қазір 27 жаста. Орта салмақта өнер көрсететін Абылайхан әлем чемпионатында үш рет қола жүлде жеңіп алды. 2 Олимпиадаға қатысты. Бірақ жүлдегерлер қатарына кіре алмады. Ал кәсіпқой рингте 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның үшеуінде қарсыласын нокаутқа түсірді.

Қартбай: Еліме медаль сыйлағым келеді

«Қазақ еліне Олимпиада медалін сыйлағым келеді».

Жуырда ғана лицензия иемденіп, Парижде ел намысын қорғайтын спортшылар қатарына қосылған Мейрамбек Қартбай осындай мәлімеме жасады.

– Шыны керек, қатты таңғаларлық, яғни күтпеген жаңалық болған жоқ. Өйткені жаттықтырушыларымыз осындай жағдай орын алуы мүмкін екенін және соған дайын жүру керектігін үнемі ескертетін. Сондықтан осы уақытқа дейін бірде бір жаттығу жиынынан тыс қалмадым. Қазіргі уақытта Дағыстанда дайындықты пысықтап жүрміз. Париж алдындағы соңғы әзірлік кезеңін Қазақстанда өткіземіз, – дейді Мейрамбек Спорт плюс порталына берген сұхбатында.

Айта кетейік, күрес түрлерінен бас-аяғы 8 спортшымыз медальге таласатын болды. Яғни еркін күресте – 4, грек-рим күресінде – 4 балуанымыз белдеседі. Өкінішке орай, биыл әйелдер күресінде жағдай қиын. Яғни бірде-бір жолдама ала алмадық.

Бәйге түрлерінен республикалық жарыс

Ат жарысының әуесқойлары Астанаға жиналды. Мұнда бәйгенің 4 түрі бойынша жүлде қоры 30 миллион теңге болатын республикалық бәсеке өтті.

«Елорда кубогы» деп аталатын дүбірлі додаға 120-дан аса қатысушы жиналды. Аталған аламан қыркүйек айында елордада ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық, – дейді қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов.

Сонымен 7 шақырымдық  жорға жарысында Абай облысынан келген «Ақжауынмен» Дастан Алыбақасов жеңімпаз атанды.

7 шақырымдық құнан бәйгеде «Найза» тұлпарын тақымдаған елордалық Арнат Мұратхан мәре сызығын бірінші кесті.

15 шақырымға созылған топ бәйгеде «Шайкүрең» атымен тағы бір астаналық Арнат Мұратхан жеңіске жеті.

Ал ең негізгі аламан бәйгеде 37 қатысушы жарысқа араласты және араларынан «Көкшақай» есімді жүйрікпен қарағандылық Арыс Жанаров бас жүлдені жеңіп алды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері енді 3 тамыз күні Павлодар және 11 тамыз күні Алматы қаласында өтетін іріктеу турниріне қатысады. Соның нәтижесінде көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын аттар анықталады.

Аслан Қаженов, 24.KZ