Еуро-2024: Англия финалға шықты
Қоржымызда 4 медаль. Испанияның Мадрид қаласында әйелдер күресінен Гран-при турнирі мәресіне жетті.
Нәтижесінде 3 спортшымыз финалға шығып, күмісті қанағат тұтты. Олар: Ирина Казюлина, Жәмила Бақбергенова және Эльмира Сыздықова. 57 келідегі Лаура Алмағанбетова қола жүлдегер атанды.
ЕУРО-2024: Англия финалға шықты
Германия төрінде футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жанкүйерлер тағатсыздана күтіп жүрген жартылай финалдық кездесу өтті. Яғни Дортмунд қаласында Англия және Нидерланды құрамалары жолықты. Есепті Нидерланды сапындағы Хави Симонс ашты. Ол 7-ші минутта мергендігімен көзге түскен еді. Артынша ағылшындар капитаны Харри Кейн есепті теңестірді. Ол 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Ал оның командаласы Олли Уоткин матчтың ең соңғы минутында, яғни 91-ші минутта мүмкіндігін сәтті пайдаланып, қорытынды нәтижені 2:1-ге жеткізді. Осылайша, Гарет Саутгейт шәкірттері енді финалда Испания құрамасымен кездеседі. Шешуші матч 15 шілде күні Берлин қаласындағы олимпиадалық стадионда өтеді.
Айта кету керек, ағылшындар бұған дейін құрлық чемпионатын жеңіп көрмеген. Ал Испания құрамасы 3 мәрте чемпион атанды.
«Ордабасы» мен «Петрокуб» тең түсті
Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының да іріктеу кезеңі басталды. Қазақстанның намысын былтыр ел үздігі атанған шымкенттік «Ордабасы» қорғап жатыр. Владимир Седнев шәкірттері өз алаңында Молдованың «Петрокуб» командасын қабылдап, қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмады.
Айта кету керек, «Петрокуб» Молдованың суперлигасында 2015 жылдан бері ғана өнер көрсетіп жүр. Былтыр «Ордабасы» секілді олар да алғаш рет өз елінің чемпионы атанды. Бір қызығы, «Петрокуб» намысын қорғайтын Хынчешты қаласында бар-жоғы 12 мың адам ғана ұрады. Ал Шымкенттің, салыстырмалы түрде, 1 миллион халқы бар. Десе де матч 0:0 есебімен аяқталды. «Ордабасы» ойыншылары өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Енді қарымта ойын 17 шілде күні Молдовада өтеді.
Футболдан ел үздіктері анықталды
Бас жүлде «Ақтөбеге» бұйырды. Елордада футболдан 13 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Бұл – мамандандырылған спорттық мектеп шәкірттерінің ресми ішкі біріншілігі. Яғни дәл осы жас деңгейіндегі өрендер үшін жылдың басты бәсекесі саналады. Биылғы аладоп аламанына барлық аймақтан 16 команда жиналды. Олар 4 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Одан кейін плей-офф кезеңі, ширек финал және жартылай финал ұйымдастырылып, нәтижесінде бас жүлдеге Астана мен Ақтөбе құрамалары таласты. Финалда батыстан келген команда жеңіске жетті. Ал қола жүлде үшін матчта Тараз және Павлодар командалары жолығып, кейінгілері басым түсті.
Айта кету керек, Астана қаласының әкімдігі және осындағы №8 спорт мектебі қолға алған жарыс кәсіпқой футбол форматына өтті.
Рыбакина жартылай финалға шықты
Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі Уимблдон турнирі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні әлемдік рейтингте 4-ші тұрған қазақстандық Елена Рыбакина мен 21-ші тұрған украиналық Элина Свитолина кездесті. Сәйкесінше Елена ә дегеннен басымдықты өз қолына алып, алғашқы сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші сетте 6:2 есебі тіркелді. Матчтың өзі небәрі 1 сағат 2 минутқа созылды. Осылайша, Рыбакина сенімді түрде жартылай финалға өтті. Келесі қарсыласы да белгілі. Яғни енді қазақстандық Елена Рыбакина мен чехиялық Барбора Крейчикова финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Айта кетейік, Лондон қаласындағы турнир 14 шілдеге дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры рекордтық деңгейге өсті. Яғни 63 миллион долларды құрайды.
Ж. Әлімханұлы: Жедел нокаут болады
«Бұйырса, жедел нокаут болады. Сондықтан жекпе-жектен кейінгі жоспарды қазірден құра беріңіз». Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасына осындай жазба қалдырды. Ол бірер күннен кейін кезекті жекпе-жегін өткізеді. Осы тұрғыда кездесуді уақытынан бұрын аяқтауға уәде берді.
Айта кетейік, жерлесіміз Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады. Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен ұтты. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады. Ал Жәнібек – осы белдіктің иегері. Оның еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді соларды қорғауы қажет. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен еді. Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас 13 шілде күні Лас-Вегас қаласында болады.