Қазақстандық таэквондошы жүлдегер атанды

Қазақстандық Кәмила Аймұқашева Оңтүстік Кореяда таэквондодан өткен халықаралық жарыста қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды 24KZ.

62 келі салмақта сынға түскен павлодарлық спортшы үздіктер қатарынан көрінді. Чхун-чхон қаласындағы турнирде ересектер, кадеттер және жасөспірімдер арасында жүлделер сарапқа салынады. Халықаралық сайысқа әлемнің 58 елінен 3 мыңға жуық таэквондошы келді. Қазақстанның атынан 100-ге жуық спортшы жүлдеге таласады. Турнир 14 шілдеде аяқталады.

Кәмила Аймұқашева, таэквондодан халықаралық жарыстың қола жүлдегері:

- Бірінші жекпе-жекте Оңтүстік Корея өкілімен, ал екіншіде Польша спортшысымен кездестім. Үшіншісінде қытайлық таэквондошымен жолығып, ұтылып қалдым. Негізі бұдан да жақсырақ өнер көрсетуге болар еді деп ойлаймын. 

Арман Шілманов, таэквондодан ҚР құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы:

- Бұл турнир тәжірибеге өте маңызды. Себебі Корей елінде болып жатыр. Бұл жерде мықты спортшылардың бәрі қатысып жатыр және осы жарыстан кейін тағы да оқу-жаттығу жиынына қалуға мүмкіндік бар.