Қостанай облысында спорт кешені ашылды

Қостанай облысында биылғы жарты жылдың ішінде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Соның бірі Науырзым ауданының Қарамеңді кентінде ашылды. Жергілікті жастар үшін бұл – көптен күткен қуаныш. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған кешенде бір күнде 150 адам қалаған спорт түрімен айналыса алады. 

Науырзым ауданы тұрғындардың дені спортпен тұрақты шұғылданады. Әсіресе мұнда бокс пен күрес жақсы дамыған. Алайда жаттығу залының ескі әрі тар болуы көбірек бала тартуға кедергі келтіретін. 

Ерболат Жабағин, Науырзым аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

- Негізі облыс бойынша жаңағы пайыздық құрамға келгенде алдыңғы орындарда жүрміз. Спорт ғимараттары жеткілікті. Адам көлеміне шаққанда. Бірақ еркін күрестен, бокстан облыстық, республикалық жарыстарымыз бар. Соған келген кезде бізге үлкен спорттық ғимарат керек.

Бір жыл бұрын көтерілген бұл мәселе биыл шешімін тапты. Аудан орталығында аумағы 1800 шаршы метр дене шынықтыру-спорт кешені салынды. Мұнда спорттың волейбол, баскетбол және футбол сияқты  түрлерімен айналысуға болады. Одан бөлек, жеке күрес залы да бар.

Болатбек Қойбағаров, қазақ күресінен жаттықтырушы:

- Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Бұрын Восход деген мекеме болатын. Ол кезде жалпы сыйымдылығы 30 бала жаттықса, тарлау болатын бізге. Қазір бізде екі кілем төселген. Бұл екі кілемде бір мезетте 50-ге жақын баланың айналысуына болады. ФОК ашылғалы жастардың қызығушылығы артып келе жатыр.

Мұнда қысы-жазы тұрақты спортпен айналысуға барынша жағдай жасалған. Киініп-шешінетін, жуынып, демалатын бөлмелері талапқа сай жабдықталған. Спорт кешенін салуға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 380 млн теңге қаржы бөлініпті.

Азамат Сүтемгенов, Науырзым аудандық спорт бөлімінің нұсқаушысы:

- Тренажер, фитнес залдары бар. Әдетте үлкен кісілер күндіз келіп жаттығады. Кешке таман жастар жиналады. Оның бәрі тегін. Осы кешеннің ашылуы бұқаралық спорттың дамуына тың серпін берді. 

Биыл облыста 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Соның  жетеуі ауылды жерлерде бой көтереді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.