Alageum Electric Көшпенділер ойындарының бас демеушісі атанды

Alageum Electric компаниясы демеуші ретінде Көшпенділер ойындарына 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөледі, деп хабарлайды 24KZ.

Оның басым бөлігі шетелдерден келетін спортшылардың әуе билетіне бағытталады. Бүгін Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция мен компания екіжақты меморандумға қол қойды. Сәйкесінше Alageum Electric күзге салым өтетін байрақты бәсекенің бас демеушісі атанды.

Айта кетейік, түркі елдерінің олимпиадасы 8-13 қыркүйек аралығында елордада өтеді. Айтулы аламанға 89 елден 2000-нан аса спортшы келеді деп жоспарланған.

Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:

- Әрине, бұндай іс-шаралар демеушілерсіз өтпейді. Біз бүгінгі таңда қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Спортшыларымыз бар, ғылыми жобаға қатысушылар бар, қонақтарымыз бар оларға арнайы билет сатып алу бойынша қаржы жұмсалатын болады. Бұл ақшаның тағы біразы ұлттық құраманың киіміне арналатын болады.