Спорттық оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 40 млн теңге жымқырылды
Астанада Олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясында 40 миллион теңге көлемінде бюджет қаражаты жымқырылды.
2021-2022 жылдары мекеменің лауазымды тұлғалары, оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз деп, соған бағытталған ақшаны қалтасына басқан. Яғни іс жүзінде жиындар өткізілмеген. Ал жаттықтырушылар, спортшылардың жүріп-тұруы мен тамақтануы бойынша жалған есеп тапсырғаны белгілі болды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Астана қаласы әкімдігінің Олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясы мекемесінде бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлау фактісін Қаржылық мониторинг агенттігі анықтады. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген залал сомасы 40 млн теңгеден асады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.