Еуропа чемпионатының финалында Англия мен Испания кубокке таласады
Бүгін түнде Германия астанасында футболдан Еуропа чемпионатының финалы өтеді.
Ақтық сайыста Англия мен Испания құрама командалары кім мықтыны анықтайды. Испандар бұл бәсеке тарихында үш рет чемпион атанған. Ал футболды төл ойыны санайтын ағылшындар 2021 жылғы финалда жеңіліп, жарыс кубогін иелене алмай қайтқан.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Футболдан Еуропа чемпионатының финалы әне-міне дегенше Берлиннің дәл осы Олимпиаштадион нысанында өтеді. Биылғы бәсеке де, оған апарар жол да қазақ көрерменінің есінде қалары сөзсіз. Себебі ел футболының тарихында Еуро 2024-ке мұнша жақын келмеген едік. Егер сәті түсіп, іріктеліп шыққанда біздің жігіттер бұл стадиондарда ойнап қана қоймай... Берлиндегі Хакім Абайдың мүсініне келуші ме еді? Әлде Германия астанасындағы Абай көшесімен жүріп өтуші ме еді? Немесе дәл осылай қаланың қақ ортасынан Алматының атауын тауып алып, артындағы 368 метрлік телемұнараны Көктөбеге ұқсатып суретке түсуші ме еді? Дәл сол Көктөбедегідей телемұнараға мына бір теңбіл допты әуелетіп жіберуге болады, дәл қазір сіздерге көрсетемін.
Менің тепкенім сонша керемет болмаса да Тағыберген мен Айымбетовтердікі рекорд бұзар еді. Десе де, тарих шартты райда сөйлегенді ұнатпайды. Сондықтан финалға оралайық. Қала қаншалықты дайын? Бүгінгі ойынға 75 мыңға жуық билет сатылды. 2 мыңға жуық полиция қызметкері дәл осы финалдағы қауіпсіздікке жауапты. Бір жарым мың ерікті де ақтық ойынның сәтті өтуіне ат салысып жүр. Матчқа билеті бар азаматтарға 36 cағат ішінде қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігі де берілген. Бұл экологиялық таза транспорттың ролін арттырып, қоршаған ортаға зиянды азайту үшін жасалған. Себебі Германияға чемпионат басынан бері 2,5 млн жуық турист келген. Қонақтардың осынша көптігі жергілікті халықтың өміріне қалай әсер етті?
Аня Руман, қала тұрғыны:
- Күнделікті өмірімізге мүлдем әсер етпеді. Мен футболды жиі қызықтап көріп жүремін. Бірақ барлығы ойдағыдай у-шусыз өтіп жатыр.
Надер Майклз, қала тұрғыны:
- Менің көлік айдауыма ғана әсер еткен шығар. Себебі стадиондардың маңында кептеліс болып жатады. Бірақ басқа жағынан алып қарағанда өмірімізге мүлдем әсер етпеді.
Иә, кептеліс тек көліктердің арасында емес, жанкүйерлер алаңына беттеген адамдарда да болып жатты. Әйгілі Рейхстаг пен Бранденбург қақпасында ұйымдастырылған фанзоналар біраз жұртты өзіне тартқан. Финалда бақ сынайтын Англия мен Испанияға тілекші болғандармен тілдесіп үлгердік.
Блиц:
- Меніңше 90 минут бойы нөлде-нөл болып, ағылшындар пенальтиден жеңетін сияқты. Сосын футболды үйге алып қайтамыз.
- Стадионда әнұранымызды шырқап, «Патшамыз жасай берсін» деп командамызға қолдау танытамын деп ойлаймын. Сол үшін бара жатырмын. Ерекше тебірентерлік сәт болғалы тұр.
- Мен биден гөрі әнге жақсымын. Сондықтан финалда футбол Отанына оралады деп шырқаймын.
- Біз жеңеміз деп ойлаймын.
- Екі де бір болады. Көр де тұрыңыз. Уилльямс пен Ямаль жеңіс әкеледі.
- Командаңыздың жеңісін тойлайтын қандай әндеріңіз бар?
- Міне Берлиндегі финал алды көңіл күй осындай. Қызықтың бәрі алда.
Ердана Ержанұлы, Павел Рубан