ІІМ мен ҰОК әріптестік туралы келісімге қол қойды
Ішкі істер министрі мен Ұлттық Олимпиадалық комитет президенті полиция ведомствосында әріптестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Бұл келісімнің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, республикамыздағы олимпиадалық қозғалыстың одан әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
«Спорт» пен «полиция» бір-біріне жақын ұғымдар. Бұған талай спорттық кадрлардың ұстаханасына, қазақстандық спорттың ажырамас бөлігіне айналған Ішкі істер министрлігі жанындағы «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамдастығы дәлел бола алады.
«Бүгінгі кездесу біздің спортты дамыту және жоғары нәтижеге қол жеткізу жолындағы бірлескен іс-қимылымызды жалғастырады деп сенемін. Тәуелсіздік алғалы бері Олимпиада ойындарында жеңіп алған 71 медальдің 66-сы «Динамо» қоғамдастығынан шыққан атлеттерге тиесілі екенін айта кеткім келеді», - деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Даңқты боксшы, еліміздің мақтанышы Геннадий Головкин де «Динамо» дене шынықтыру қоғамдастығының тәрбиеленушісі. Ұлттық Олимпиада комитеті басшысы отандық спортты дамыту бірлескен күшті талап ететін жауапты іс екенін алға тартты.
«ҰОК біздің олимпиадашыларды дайындау жолында қолдау көрсеткен Ішкі істер министрлігі көмегін жоғары бағалайды. Біздің әріптестігіміз Қазақстандағы спортты одан әрі дамытуға және атлеттерімізді әлемдік деңгейдегі жеңіске жетелейтініне себеп боларына сенемін. Біздің мақсатымыз ортақ, бір елдің намысын қорғаймыз, сондықтан, бірге жұмыс істейміз», - деді Головкин.