Қазақстан құрамасы XXXIII жазғы Олимпия ойындарына аттанды
Франция астанасы Парижде өтетін отыз үшінші жазғы Олимпиаданың басталуына санаулы күндер қалды.
Әлемнің кіл мықты атлеттері бақ пен бап сынайтын дүбірлі додаға еліміздің де үздік спортшылары қатысады. Бүгін Алматының іргесіндегі Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстан ұлттық құрамасын жарысқа ресми шығарып салу рәсімі өтті.
Алмас Садуақас, тілші:
- Спортшыларымыз осы Олимпиадалық даярлау орталығында жаттығуларын белсенді өткізіп жатыр. Жалпы Париж төріндегі дүбірлі додада ел намысын 80 спортшы қорғайды. Олардың арасында семсерлесушілер, гимнастшылар мен батуттағы гимнастика спорты өкілдерінің бары қуантады.
Спортшыларымыз биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды. Ресми іс-шарада еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бапкерлер жұмысына табыс, ал спортшыларға жеңіс тіледі.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғау маңызды әрі өте жауапты міндет. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі. Бұл жарыс та табысты боларына сенімлдімін.
Қазақстан құрамасы үшін бұл 8-Олимпиада. Әдеттегідей бокс пен күрес түрлерінен жүлде күтеміз. Сонымен бірге дзюдошылар да ел мерейін асырады деген үміт басым. Бапкерлер спортшылардың психологиялық әзірлігі жақсы дейді.
Нұрбол Сүлейменов, дзюдодан ерлер құрама командасының бас бапкері:
- Әрине Елдос тәжірибелі. Екі Олимпиаданы көрген. Екеуінде де медаль алған Елдостан күтеміз. Одан кейін Ғ.Қырғызбаев өзіміздің шәкіртіміз бар тәжірибелі. Әлем чемпионатының жүлдегері. Өте тәжірибелі мықты спортшы. Қалған балалардан да күтеміз енді. Бәрін бөліп-жарып айта алмаймыз.
Ислам Байрамуков, Олимпиада жеңімпазы:
- Осындай Олимпиада ойындарына барлықтарыңыз білесіздер бәрі бірігеді. Спорт деген біріктіреді. Қару ғой. Сондай күші бар. Сондай кезде адамды үлкен жауапкершілікке тартады. Оның бәрін ескере отырып үлкен мақсат қойған адам міндетті түрде оны жеңеді.
Төртжылдықтың басты додасында саңлақтарымыз спорттың 25 түрінен бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысады. Ал Олимпиада 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
А.Садуақас, С.Жұмабаев