Олимпиада-2024: Ұлттық құрама өкілдері Парижге аттанып жатыр

Спорттық гимнастика өкілдері Париж қаласына жетіп жаттығуды пысықтап жатыр деп хабарлайды 24kz.

Ал, дзюдошыларымыз бүгін аттанады. Олимпиада ойындарының басталуына 8 күн қалды. Кеше ғана ел намысын қорғайтын спортшыларды ресми шығарып салу рәсімі өтті. Енді біртіндеп ұлттық құрама өкілдері Франция астанасына жол тартып жатыр.

 

Футбол: «Ордабасы» «Петрокубтан» ұтылды

«Ордабасы» ұятқа қалды. Шымкеттік клуб ойыншылары қос матчта бірде-бір гол соға алмай, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалды. «Ордабасы» және «Петрокуб» командалары арасындағы қарымта кездесу Молдованың Кишинев қаласында өткен еді. 34-минутта алаң иелері сапындағы Теодор Лунгу есеп ашты және осы нәтиже ойын соңына дейін өзгермеді. Қорытынды есеп: 1:0.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы алғашқы матч 0:0 есебімен аяқталған болатын. Бұл көрсеткіштер қазақстандық клуб жанкүйерлерінің ашуын туғызды. Өйткені шымкенттік команданың бюджеті қарсыласына қарағанда бірнеше есе көп. Бұған қоса, «Петрокуб» намысын қорғайтын Хынчешты қаласында бар-жоғы 12 мың ғана адам тұрады. Ал Шымкенттің 1,5 миллионға жуық халқы бар. Қалай болғанда да, «Петрокуб» чемпиондар лигасы іріктеуінің келесі кезеңіне жолдама алды және енді Кипрдің АПОЭЛ клубымен кездеседі. Ал, «Ордабасы» жорығын Конференциялар лигасында жалғастырады.

 

Ж.Әлімханұлы: Мұндай сынаққа сынбаймыз

«Денсаулығым дұрысталды. Қазір барлығы жақсы. Келесі жоспарды ақылдасып жатырмыз». Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы осындай мәлімдеме жасады.

Айта кетейік, ол өткен демалыс күні жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда, салмақ қуу кезінде денсаулығының сыр беруіне байланысты жекпе-жек кейінге қалдырылды. «Мұндай сынақтар бізді сындырмайды. Керісінше, шыңдайды. Әлі талай қазақ стилін бүкіл әлемге көрсетеміз», - деді Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында. Бұған қоса, ол қолдау танытып жатқан жанкүйерлеріне алғыс білдірді. Жәнібек Әлімханұлының нақты қашан жаттығу жұмыстарына және шаршы алаңға оралары белгісіз. Менеджері Берік Сұлтан осыған қатысты «2-3 айда қайтадан рингке шығамыз» деген пікірді алға тартты. Ал, бокс жанкүйерлері жыл соңына дейін жерлесіміз бір кездесу  өткізеді деп күтіп отыр.

Еске сала кетейік, Жәнібектің еншісінде қазір WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар.

 

Елдос Сметов жүлдеге іліге ала ма?

Елдос екі бірдей Олимпиададан жүлде әкелді. Биыл да аянып қалмайды. Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов команданың үздігі Елдос Сметовқа қатысты осындай пікір білдірді. «Жігіттер Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы дайындықтарын өте жоғары өткізіп жатыр. «Қазір Алматыдамыз. Бұндағы жаттығу жиыны 17 шілдеге дейін жалғасады. Ал 18 шілде күні Парижге аттанамыз» - деді бас бапкер кaz.inform.kz порталына берген сұхбатында. Бұған қоса, лицензия алған спортшыларымыздың әлеуеті зор екенін алға артты. «Ел намысын 5 бірдей жігіт қорғайды. Барлығы өз салмақтарының мықтылары. Барлығының да жүлдеге таласуға мүмкіндіктері бар», - деді Нұрбол Сүлейменов. 

Айта кетейік, Париждегі жазғы ойындарда дзюдошыларымыз алғашқы күндері сынға түседі. Яғни, 27 шілде күні татамиге шығады. Ең бірніші болып Елдос Сметов өнер көрсетеді. Жалпы Олимпиада ойындарында дзюдо бойынша жарыстар 27 шілде мен 3 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған.

 

Мемлекеттік қызметкерлер спартакиада басталды

Жыл сайын дәстүрлі өтетін айтулы жарысты бұл жолы Ақтөбе қаласы қабылдап жатыр. Бұнда барлық аймақтан 700-ге жуық әуесқой спортшы жиналды. Олар 8 спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды. Бағдарламада үстел теннисі, жүзу, шахмат және гір тасын көтеру сияқты жекелей бағыттар, бұған қоса, футбол мен волейбол сияқты командалық бағыттар бар. Сонымен қатар ұлттық ойындардан тоғызқұмалақ пен қазақ күресі де қосылған. Алғашқы күндері кей бағыттар бойынша жеңімпаздар есімі белгілі болды. Ақтөбе ақласындағы жарыс бірнеше күнге жалғасады. 

Айта кетейік, алдыңғы Спартакиада Талдықорған қаласында өтіп, жалпы есепте Түркістан облысының командасы 1-орын алған болатын.