Париждегі Олимпиадаға тоғыз күн қалды
Қазақстандық спортшылар жазғы Олимпиада ойындары тарихында барлығы 71 медаль жеңіп алған.
Оның 14-і алтын болса, 22-сі күміс. Қалғаны қола. Әзірге ең үздік көрсеткіш боксшылардың еншісінде. Олар 7 олимпиада қорытындысы бойынша 7 алтын иемденген. Сарапшылар Парижде өтетін төрт жылдықтың басты додасында былғары қолғап шеберлері биік тұғырдан көрінеді деп топшылап отыр. Тағы қай спорт түрлерінен алтын алуымыз мүмкін.
Қазақстандық спортшылар үшін олимпиада ойындарындағы ең үздік көрсеткіш әзірге 2000 жылы Сиднейде тіркелді. Онда отандастарымыз 3 алтын, 4 күміс еншілеп, жалпы командалық есепте 22-орынға тұрақтады. Ал ең төмен нәтиже соңғы өткен Токио олимпиадасында тіркелді. Онда 8 қола медальмен 83-орынға жайғастық. Ал Париждегі байрақты додада үздік 30-дықтың қатарына енсек соның өзі үлкен жетістік. Онда ел қоржынына бірінші кезекте бокстан алтын медаль түсу мүмкін дейді мамандар.
Қанат Байұзақов, спорт журналисі:
- Бұл жерде бокстан Қазақстан құрамасы үшінші мәрте толық құрамда бара жатыр. Алтынға деген үміт зор. Себебі Мырзағали Айтжанов баптаған ұлттық құрама мүлде алтынсыз қайтпаған. Және де үнемі финалға 3-4 боксшы шығып отырған. Фаворит ретінде мен Асланбек Шымбергеновті айтар едім. Неге. Себебі бұл салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы Юрий Захареев өте алмады және кубалық боксшы жоқ.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Ғайыптан тайып Мұхаммедсабыр Базарбайұлы олимпиада чемпионы болып жатса мен таңғалмаймын. Өйткені ол осыған дейін 2 іріктеу кезеңіне қатысты. Кіл мықтылармен айқасты. Астанада өткен іріктеуде өзінен салмағы үлкен Д. Бекбау секілді мықтыларды жеңіп, өзіне деген сенімділігі арта түсті. Сондықтан 63,5 келі салмақта М. Базарбайұлы біз жүлдені басқадан өзге салмақтан күтіп отырғанда шың басынан Мұхаммедсабыр шығуы әбден мүмкін.
Парижде 25 спорт түрінен 80 атлет сынға түседі. Лицензия саны 92. Қатысушылардың 50-ден астамы олимпиадаға тұңғыш рет барғалы отыр. Сондықтан Франция төрінде ел қоржынына ешкім күтпеген әрі Қазақстан тарихында мүлде жүлде алмаған спорт түрлерінен де алтын медаль түсу мүмкін.
Қанат Байұзақов, спорт журналисі:
- Атап айтар болсақ бұл семсерлесу және садақ ату. Неге бұл спорттар. Себебі бұл спорт түрлерінде қатысушылар саны аз. Садақ атуда 12 мемлекет сынға түссе, семсерлесуде 8-ақ команда сынға түседі. Яғни 2-3 жеңіс оның тұғырдан көріну мүмкіндігін арттырады деген сөз.
Қанат Байұзақовтың айтқан сөзінің жаны бар. Қазақстан өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, шетелден жаттықтырушылар алдыртқан еді. Мысалы садақ атуда спортшыларымызды оңтүстік кореялық, семсершілерді мажарлық мамандар дайындап жатыр.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Сол секілді спорттық гимнастика. Мынау Нариман Құрбанов пен Милад Карими соңғы Токио Олимпиадасынан кейін өткен ірі жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, азулы Қытай болсын басқа ел мықтыларымен үзеңгі қағыстырып, тамаша жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Егер жігіттер нағыз бабында болса, жүйкесі сыр бермесе спорттық гимнастикадан бұрын соңды болмаған Қазақстан қоржынына жүлде түсуі әбден мүмкін.
Сондай-ақ жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Нора Джеруто мен теннистен әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакинаға да үлкен сенім артылады. Күрес түрлерінен де отандастарымыздың медаль алу көрсеткіші жоғары.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Сол еркін күрес шеберлерінен де жүлде күтеміз. Біраз спортшының олимпиада ойындарына жолдама алып тұрып, бара алмайтын басқа елдің спортшылары бар. Сондықтан біздің Азамат Дәулетбеков топ жарып қалуы ғажап емес. Енді Хабар агенттігіне қарасты Хабар мен еларна телеарналары тікелей эфирде осы олимпиада ойындарының барлық спорт түрінен репортаж тарататын болады. Оны үлкен қуанышпен жетізуге болады жанкүйерлерге.
Айта кетейік, төрт жылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған 206 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр.
Мерей Қанапия, Бағдат Қайыркен, Қали Несіпбаев