Спортшылар гимнастиканың үш түрі бойынша Олимпиадаға қатысады
Гимнастика шеберлері Парижге жетіп, Олимпиада алдындағы дайындыққа кірісті деп хабарлайды 24kz.
Бірер күннен кейін Франция астанасында жазғы ойындар басталады. Спорттық гимнастика өкілдері жарыс өтетін жерге жетіп алды. Ал, көркем гимнастика және батуттық гимнастика спортшылары алдағы күндері жолға шықпақ. Осы тұрғыда арна тілшісі Аслан Қаженов салаға жауапты федерация президенті Әлия Юсуповамен сұхбаттасып, дайындықтың барысын біліп қайтты.
Биыл бірінші рет гимнастиканың 3 түрі бойынша Олимпиадаға қатысамыз. Яғни, қазақстандық қыз-жігіттер көркем гимнастика, спорттық гимнастика және батуттық гимнастика бойынша жолдамалар жеңіп алды. «Әсіресе, алғашқысынан лицензия иемдену аса қиын болды», - дейді Эльжана Таниеваның жеке бапкері әрі жауапты Федерация президенті Әлия Юсупова.
Әлия Юсупова, ҚР Гимнастика федерациясының президенті:
- Қазір барлық бағыт бойынша қызу дайындық жүріп жатыр. Гимнастиканың қай-қай түрі болмасын өте күрделі және біраз тер төгуді қажет етеді. Спортшылар күніне кемі 8 сағат бойы шеберлік шыңдайды.
Қалай болғанда да ел намысын қорғайтын қыз-жігіттерге сәттілік тілейміз.
Айта кетейік, Париждегі жазғы ойындар 26 шілдеде басталып, 11 тамызға дейін жалғасады.
Авторы: Аслан Қаженов